Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандардың еңбегін пайдалану тиімділігінің төмен болуы әлі де шешімін таппаған, барынша ықтимал шаралар қолдануды талап ететін мәселелердің бірі.
Іс жүзінде не көріп отырмыз? Сотталғандар жұмыс орнын шын мәнінде таңдай алмайды, өйткені оны түзеу мекемесінің әкімшілігі айқындайды. Оған қоса, адам өзі үшін таңдалған жұмыстан бас тартқаны үшін жазалануы мүмкін (лайықсыз жаза мерзімін өтеп жүрген кезде танымал құқық қорғаушы Евгений Жовтис тап болған жағдайдыеске түсірейік). Бұл онсыз да тапшы жұмыс орындары мәселесін одан әрі ушықтырады. Сондықтан сотталғандардың жұмысқа орналасуға оң көзқараспен қарайтынын айту қиын.
2025 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Шығыс Қазақстан облысының мекемелерінде 3155 адам бар: оның 2698-і колонияда жазасын өтейді, 457-сі тергеу изоляторында қамауда отыр. Облыстың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегілердің 1576-сы еңбекке қабілетті сотталғандар. Ақылы жұмысқа 61,2 пайызы, яғни 964 адам тартылған. Бұл санды өте жоғары деп айту қиын, келісесіз бе?
Сонымен бірге облыста жұмысшы мамандар қатты жетіспейді: монтажшылар, ағаш ұсталары, бетоншылар мен тас қалаушылар тапшы.
Мәселен, ШҚО мекемелерінің бірінде мыңнан астам сотталған адам болса, соның 200-ден сәл астамы ғана жұмысқа орналастырылған.
Белгілі болғандай, тұтқындардың еңбегі әлемнің барлық дерлік елінде кеңінен қолданылады. Швейцарияда барлық тұтқын еңбек етуге міндетті. Ұлыбританияда түрме мекемелері еңбекке қабілетті және жұмыс істеуге ниетті өзге де тұтқындардың бәрін ұйымдастырылған әрі пайдалы еңбекпен қамтуға жететін жұмыс орындарын ұсынуы тиіс. Германияда тұтқындар жұмыс істеуге міндетті. Финляндияда заң бойынша жұмыс уақытында еңбек ету немесе оқу таңдау құқығы берілген. Жапонияда мәжбүрлі еңбекпен де, онсыз да бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазақстан заңнамасына келсек, Конституцияға сәйкес әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Мәжбүрлі еңбекке тек сот үкімі бойынша немесе төтенше не соғыс жағдайында жол беріледі.
ҚР Қылмыстық-атқару кодексі еңбекке тарту мәселелерін реттейді. Оған сәйкес бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендердің бәрі түзеу мекемесінің әкімшілігі белгілеген орындар мен жұмыстарда еңбекақы алып жұмыс істеуге міндетті. Жұмыстан бас тарту немесе жұмысты тоқтату жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзу деп саналып, тәртіптік және материалдық жауаптылыққа әкелуі мүмкін. Сотталғандарды түзеу мекемелері мен іргелес аумақтарды абаттандыруға, мәдени-тұрмыстық жағдайды жақсартуға ақысыз тартуға да болады. Мұндай жұмыстан бас тартқаны үшін де жаза көзделген.
Сотталған адамның талап арызы бойынша төленуі тиіс берешегі болса, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті сот қарағанға дейін өтеу қажет болған жағдайда, жұмысқа орналастыру мәселесі аса өзекті. Егер адамның бұл мәселеде көмектесетін жақыны мен туысы болмаса, мекемеде жұмыс болмаған кезде мұны орындау іс жүзінде мүмкін емес.
Бәлкім, еңбек ету «міндетін» еңбек ету «құқығына» түбегейлі қайта бағдарламайынша, елеулі өзгеріс болмайды және бұл сотталғандарды оң бағытта тәрбиелеуге де көмектеспейді.

