Үш жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандық белсенді Тимур Данебаев түзеу мекемесі басшылығы тарапынан қорқытулар болғанын айтты. Сондай-ақ оның ұстау жағдайына қатысты шағымдары қабылданбай, дәрігер шақырылмайтынын тұтқынның ағасы Марат Данебаев Facebook желісінде хабарлады.
«Тимур су, тамақ, серуендеу сияқты нашар ұстау жағдайлары туралы шағым жазады, бірақ оны түрлі сылтаумен қабылдамайды. <…> Оған жедел бөлім бастығы, подполковник Мейрам Төленбиұлы Қарсақпаев қоқан-лоқы көрсетіп жүр. Тимурды Қарағандыға ауыстырып, қайта азаптайтынын айтады немесе қауіпсіздігі үшін ауыстырылған №64 колонияның өзінде күш қолданамын деп қорқытады», – деп жазды Марат Данебаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сотталған адамның ағасының айтуынша, колония қызметкерлері азаптаудан кейін денсаулығында мәселелер пайда болған туысына проктолог дәрігерді шақырудан бас тартқан.
«Олар оған проктолог емес, психолог қажет дейді, өйткені ол түрме жағдайына әлі бейімделмеген екен», – деп айтты Тимур Данебаевтың ағасы және құқық қорғау органдарынан қызметтік тексеру бастауды сұрады.
Белсенді Тимур Данебаев Қаңтар оқиғалары кезінде «20 мың террорист» туралы айтқаны үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты жауапқа тартуды талап еткеннен кейін танымал болған.
Өткен жылдың маусымында Астана соты оны ұлтаралық араздықты қоздыру бабы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырды. Белсендіге Өскемен тұрғыны арыз жазған: ол интернетте Данебаевпен саясат жөнінде пікірталасқа түскен.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин 4 қыркүйекке қараған түні әлеуметтік желідегі парақшасында сотталған адамды азаптау бейнежазбасын жариялады. Кадрларда колония қызметкері Данебаевтан дәретхананы жууды дөрекі түрде талап етеді. Данебаев тұрғын бөлмені жинауға келісетінін, бірақ санитариялық тораптарды жумайтынын айтады. Осыдан кейін оған алты күзетші жабыла шабуыл жасаған.
Бейнежазбада түрме қызметкерлерінің Данебаевтың қолын қайырып, оны еденге жатқызғаны, кейін белінің төменгі тұсынан соққы бергені көрінеді. Сотталған адамның өз айтуынша, сол сәтте ол есінен танып қалған, ал есін жиғанда астына дәрет жіберіп қойғанын байқаған.
Бейнежазба жарияланғаннан кейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі белсенді азапталған колонияның бастығы мен 11 қызметкерін жұмыстан босатуға ұсынды. Сол кезде прокуратура күзетшілердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалануы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған, оның нәтижесі туралы хабарланған жоқ.
ДЕРЕККӨЗ:
Интернет-басылым Mediazona.ca

