Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінде ұрып-соғу және қорлау туралы шағымдарға байланысты жүргізілген тексеру бұл мәліметтерді растамағанын хабарлады. 57 жастағы Василий Кузьминнің құқықтары бұзылғаны жөніндегі сауалды Азаттық биылғы наурыздың басында ІІМ-ге жолдаған. Бұған оның сіңлісі Марина Кузьминаның редакцияға хабарласып, ағасының соққыға жығылғанын, созылмалы аурулары болса да медициналық көмек көрсетілмейтінін және колонияға тапсырылған дәрі-дәрмектің оған жетпейтінін айтуы себеп болған.
Наурызда ҚАЖ комитеті өтініш бойынша тексеру жүріп жатқанын хабарлаған. 23 мамырда Азаттық сайтында Василий Кузьминнің оң жақ сирағында диаметрі бірнеше сантиметр болатын жазылмайтын трофикалық жара салдарынан Алматы облыстық көпсалалы ауруханасына жатқызылғаны туралы материал жарияланғаннан кейін ҚАЖ комитеті редакцияға Кузьминнің шағымы бойынша тексеру аяқталғанын білдіретін хат жіберді.
«ҚАЖ комитеті сотталған В. Кузиминнің шағымы бойынша қызметтік тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде қызметкерлердің заңсыз әрекеттері туралы фактілер расталмады (орфографиясы мен тыныс белгілері сақталған – ред.)», – делінген редакция 24 мамырда алған ҚАЖ комитетінің жауабында. Тексерудің нақты қашан аяқталғаны көрсетілмеген.
Марина Кузьмина Азаттық редакциясына Василий Кузьминмен мекемеде дұрыс қарым-қатынас жасалмайтынын айтып жүгінген. Оның сөзінше, наурыз айында ағасын кемінде екі рет ұрып-соққан. Ал Василий Кузьмин мамырдың басында адвокатына түрме медициналық бөлімшесінде төсегіне кісенмен байланғанын және туыстарымен байланысуға рұқсат берілмегенін айтқан.
Сәуірдің соңында ЛА-155/14 мекемесінде отырған сотталғандардың туыстары кезекті жоспарлы тінту шаралары кезінде тұтқындардың соққыға жығылғанын хабарлаған. Адвокат Гүлнара Жуаспаева хабарлауынша, ол Заречныйдағы сотталғандарды ұрып-соғу туралы сауал жіберіп, оған тұтқындардың өз қолымен жазған шағымдарын қоса берген. Сол кезде Алматы облысының ҚАЖ департаменті басшылығы соққыға жығу туралы арыз түспегенін мәлімдеген.
Тұтқындар құқықтарын қорғауда үлкен тәжірибесі бар қазақстандық құқық қорғаушы Руслан Оздоев үкіметтің ең жоғары деңгейіндегі басшылар колониялардағы азаптау мен адам қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынастың нақты жағдайы жақсармай отырғанын білетінін, алайда мұндай хабарламаларға тиісті шара қолданбайтынын айтады.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/29960888.html

