Жарияланымдар

Тізгіннен шыққан қатыгездік

2 мин чтения

«Жоспарлы іс-шара» аясында ОВ 156/6 колониясына әскери бөлімше енгізілгеннен кейін кемінде үш тұтқын жарақат алған. Алайда бұл оқиғасыз да ондағы өмір жеңіл емес. Мекеме басшылығының адамгершілікке жатпайтын әрекеттері мұнымен шектелмейді.

Риддер қаласының екі тұрғыны және Өскеменнен бір әйел «Секрет Сервис» тәуелсіз тергеулер агенттігіне жүгініп, Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ 156/6 колониясында жазасын өтеп жатқан ұлдарының «тінту шаралары» кезінде соққыға жығылғанын айтты.

Жоспарлы деп аталған тексеру осы жылдың 24 шілдесінде жүргізілген. Әдеттегідей, оған әскери бөлімше қатысып, сотталғандар жаппай соққыға жығылған. Бірқатар тұтқын дене жарақатын алған.

Бұл туралы Риддерден Галина Раченко мен Виктория Макарова, Өскеменнен Наталья Пименова хабарлады.

Тінту соншалықты күшпен жүргізілгені сонша, олардың ұлдары ауыр жарақат алған. Владимир Раченконың оң бүйрегі зақымданған, Сергей Макаровтың сүйегі сынған, ал Алексей Пименовтің қабырғалары сынған.

Бұдан бөлек, тұтқындардың бәрінен көркем әдебиет пен құқықтық әдебиеттер, соның ішінде Қазақстан Республикасының кодекстері тартып алынған.

«Дауылдан» кейін колония басшылығы біреуге шағымдануға батылы жеткендерге тағы да қысым жасайтынын ескерткен.

Алайда әйелдердің айтуынша, бұл мекемеде мұндай «төтенше» тексерулер болмаған күннің өзінде құқық бұзушылықтар жиі кездеседі.

Тұтқындар моншада тек суық сумен жуынуға мәжбүр. Оларды мекеме аумағында, асханаға дейін жасына не денсаулығына қарамастан жүгіртіп жүргізеді. Асханаға кірер алдында лас асфальтта қолды бүгіп-жазу жаттығуын жасатады да, қол жууға рұқсат етпейді. Әдетте сапасыз тамақ ішуге небәрі 15 минут бөлінеді. Одан кейін тағы да жүгіртеді.

Арызданушылардың сөзінше, мекемеде айтқанға көнбейтін сотталғандарға арналған «азаптау бөлмесі» бар. Онда ерекше қарсылық көрсеткендердің басын су толы ыдысқа малып немесе басқа жазалау тәсілдерін қолданады.

Басқа сотталғандарды күні бойы сап алаңында тұрғызып, су бермей, дәретханаға жібермейді. Сондай-ақ арқаларына кереует арқалатып, саппен жүруге мәжбүрлейді.

Агенттікте жүгінген әйелдердің байланыс деректері бар. Өз кезегінде Риддердегі құқық қорғау ұйымы комиссия құрып, құқық қорғаушылар мен тәуелсіз журналистердің қатысуымен аталған фактілердің шын-өтірігін тексеруді талап етеді. Егер фактілер расталса, кінәлілер қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/s_cepi_sorvalis/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы