Кітапшаның бір тарауы сотталған адам жазасын темір тордың ар жағында өтеп жүргенде күзетшілердің немесе өзге тұтқындардың азаптауына, қорлауына тап болса, қалай әрекет етуі керектігіне арналған.
«Жинақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан түрме реформасы аясында шығарылды. Жабық мекемелерде қызметкерлердің заңсыз әрекеттері кездесетіні жасырын емес. Кітапша тұтқындарға дұрыс әрі заңды әрекет етуді үйретеді», – дейді Алматы облысы прокуратурасы басқармасының бастығы Жандос Ысқақов.
Кітаптың тағы бір тарауында жазасын өтеп жатқан адамдарға түрмеде кәсіп ашу жөнінде нұсқаулық берілген. Түзеу мекемелерінде кәсіпкерлер тобын қалыптастыру да түрме реформасының басымдықтарының бірі. Реформаның мақсаты – сотталғандар санын азайту, колониялардағы еңбекпен қамтуды 75 пайызға дейін жеткізу және тұтқындарды бостандықтағы болашақ өміріне дайындау.
Прокурорлардың кеңесін Қапшағай маңындағы колонияда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 199 және 76-баптары бойынша жеті жылдық жазасын өтеп жатқан 32 жастағы Иван Панасенко пайдаланды. Ол жәбірленуші тараптың азаматтық талаптары бойынша ай сайын едәуір ақша төлеуге міндетті. Иван қарыз сомасын айтпады. Оның сөзінше, облыс прокуратурасының қызметкерлері колонияда жеке кәсіп ашу және жеке кәсіпкер ретінде тіркелу туралы түсіндіру жұмыстарын бастағанда, ол бірден келіскен.
«Мен бала кезімнен ағаш оюға қызығып, түрлі бұйымдар жасайтынмын. Сондықтан колонияда осы кәсіпті дамыта аламын деп ойладым. Бостандықтағы туыстарыммен, таныстарыммен сөйлесіп, біреуі менің сенімді өкілім болуын сұрадым», – деп еске алды Иван Панасенко.
Оның сенімді өкілі болған туыстарының бірі бостандықта жеке кәсіпкерлікті тіркеп, салық органдарына есепке тұруға көмектесті.
«Біздің ісіміз бірден алға басты. Мен мұнда 10 адамды жұмысқа алдым. Шахмат, нарды, кеме үлгісіндегі ойыншықтар және басқа да бұйымдар жасаймыз. Жақында мектептен үлкен тапсырыс түсті, оларға шахмат жасаймыз. Тапқан қаражат жеке шоттарымызға түседі, соның есебінен азаматтық талаптар бойынша қарызымызды өтей аламыз. Әзірге өнімдерімізді интернеттегі сайтқа шығарып отырмыз. Сұраныс болса, тағы адамдарды жұмысқа алуға болады», – дейді Иван Панасенко.
Оның пікірінше, түрме ішіндегі кәсіпкерлікті табысты дамыту үшін инвесторлар тарту, кәсіпкерлерге өнімдерін жарнамалауға көмектесу және мезгіл-мезгіл оқыту семинарларын өткізу қажет.

