Павлодар облысының Баянауыл ауданында полиция қызметкерлерінің азаптау қолданғаны туралы шағымды тергеу материалдары облыстық прокуратурада қаралып жатыр, деп хабарлайды Inform.kz.
«Павлодар облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары Майқайың кентінде ерлі-зайыпты қарт адамдарды өлтірді деген күдіктіге полиция қызметкерлерінің азаптау қолданғаны туралы қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта істі дұрыс шешу үшін қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жүргізілуде», – деп хабарлады Павлодар облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Мырзакеров.
Азаптауға күдікті полицейлерге қатысты қандай шаралар қолданылғаны, олардың жұмыстан шеттетілген-шеттетілмегені туралы сауалға Мырзакеров Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-бөлігіне («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу») сілтеме жасады. Оның жауабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялауға болмайды, сондықтан іс туралы ақпарат беру мүмкіндігі тергеу аяқталғаннан кейін қарастырылады.
«Зейнеткерлерді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуге қатысты сауалыңыз Павлодар облысының Ішкі істер департаментіне қарауға жолданғанын хабарлаймыз», – деп атап өтті прокурордың орынбасары.
Еске салайық, 17 ақпан күні таңертең Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі тұрғын үйден жергілікті әйел зорлық-зомбылық белгілері бар 76 жастағы ер адам мен оның 78 жастағы әйелінің мәйітін тапқан. Майқайыңның 27 жастағы тұрғыны ұсталған. Болжам бойынша, ол үй иесі мен оның жұбайына бірнеше рет пышақ жарақатын салып, ақша мен бағалы заттарды таба алмаған соң банк карталарын алып кеткен. Кейін полиция оны ұстаған. 22 ақпанда оның адвокаты Серік Апаханов Бас прокурор мен облыс прокурорына шұғыл шағым түсіріп, Баянауыл аудандық полициясы, аудан прокуроры және облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлері қорғауындағы адаммен кездесуге кедергі келтіргенін мәлімдеген. Ол күдіктіге тек екінші әрекетінде прокуратура қызметкерімен бірге кіре алған.
«Қорғауымдағы адаммен кездесіп, құжаттарды, соның ішінде медициналық анықтаманың көшірмесін алдым. Онда оны кінәсін мойындауға мәжбүрлеу мақсатында физикалық қысым мен зорлық-зомбылық көрсетілгені анық жазылған», – делінген адвокат шағымында.
Шағымда ол прокурорлардан тексеру жүргізуді және анықталған заң бұзушылықтар үшін жауапты лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартуды сұраған.

