Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Жедел әрекет ету арнайы жасағы (СОБР) орналасқан аумақта жас қызметкер асылып тұрған күйінде табылды. Қаза тапқан адам 24 жастағы кіші сержант Медет Темірбаев екені анықталды.
Қаза тапқан Медет Темірбаевтың анасының айтуынша, ұлының мәйіті 8 наурызда СОБР-дың қызметтік ангарынан табылған. «1992 жылы туған ұлым Медет Темірбаев СОБР-ға қызметке орналасуды армандайтын. Бірнеше жыл дайындалып, құжат жинады. Әскерде, десант әскерлерінде қызмет етті. Ақыры өткен жылы жүргізуші болып жұмысқа кірді. Бар болғаны жеті ай он күн еңбек етті», – дейді қайғыдан қан жұтқан анасы Нұрия Жанаева.
«7 наурызда әдеттегідей жұмысына кетті. Түскі асын алып, көңіл күйі жақсы болатын. Күні бойы маған екі рет қоңырау шалды, ол үнемі күніне бірнеше рет хабарласып, қамқорлық танытатын. Кешкі сағат сегіздер шамасында қалыңдығымен сөйлесіп, тапсырмамен сыртта жүргенін айтқан. Тоғызда үйге оралмаған соң алаңдай бастадым, бірақ қызметінде кідірген шығар деп ойладым. Телефоны өшірулі болды. Келесі күні қызметтестері келіп, Медеттің асылып қалғанын айтты», – деп еске алады әйел.
Нұрия Жанаева ұлының өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Оның айтуынша, ұлы дінге сенген, мешітке үнемі барып тұрған. Отбасы 2 сәуірге жоспарланған үйлену тойына дайындалып жүрген. Медет әйелдің жалғыз туған ұлы еді. Әкесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.
«Мені бөлімге алып келгенде, оның денесін мәйітханаға әкетіп қойыпты. Денесін көрмедім, ұлымды соңғы рет құшақтай да алмадым. 10 наурызда жерледік», – дейді анасы.
Анасы ұлының қазасынан біраз бұрын оның мойнынан тұншықтыруға ұқсайтын іздерді байқағанын айтады. «Мойнында қызарған, біреу буындырғандай іздер болды. Ол спорт шебері еді, үнемі жаттығатын. Маған жаттығу кезінде жарақат алдым деп жалтарды. Ал қалыңдығына жұмыста «оңтүстіктіктермен» төбелескенін айтыпты. Кейін олардың ақша мен бір ай бұрын сатып алған жаңа көлігін талап еткенін естідік», – деді ол.
Астана Ішкі істер департаменті СОБР жүргізушісі, полиция кіші сержанты Медет Темірбаевтың ішкі істер органдарында 2016 жылғы желтоқсаннан бастап қызмет еткенін хабарлады. Оқиғаға байланысты тексеру жүргізілуде.
«Мәйіттің табылуы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру («адам өлімі») жүргізілуде. Денені алғашқы қарау кезінде дене жарақаттары анықталған жоқ. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың қорытындысы бойынша процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметі.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/crime/astane-sotrudnika-sobr-nashli-poveshennyim-territorii-chasti-315079/

