Жарияланымдар

Зейнеткерлерді өлтіру ісі: күдікті кінәсін азаптау арқылы мойындатқанын мәлімдеді

2 мин чтения

Зейнеткерлерді өлтірді деген күдіктінің адвокаты, өзінің айтуынша, полиция кінәні мойындату үшін қандай әдістер қолданғанын баяндады.

АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Павлодар облысының Майқайың кентінде егде жастағы ерлі-зайыптыларды өлтіргенін мойындау азаптау арқылы алынғанын күдіктінің адвокаттарының бірі Серік Апаханов Sputnik Қазақстанға мәлімдеді.

Бұған дейін Павлодар облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі 16 ақпанда зейнеткерлерді өлтірді деген күдікпен Майқайыңның 27 жастағы тұрғыны ұсталғанын хабарлаған.

Апахановтың айтуынша, 20 ақпаннан 21 ақпанға қараған түні ұсталғаннан кейін күдікті Дархан Дүйсенаевты үш полиция қызметкері қатты соққыға жыққан. Адвокат мұны оның денесіндегі көптеген көгерген іздер, жаралар мен қанталаулар дәлелдейді дейді. Оның сөзінше, қан іздері күдіктінің киімінде және өзі отырған камерада да бар.

«Қорғауымдағы адам Майқайың кентінің аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратында өзін үш полиция қызметкері ұрғаны туралы жазбаша түсініктеме берді. Екеуі оның қолы мен аяғынан ұстап тұрған, үшіншісі басына пакет кигізген. Қол-аяғын жабысқақ таспамен байлап, тепкілеген. Азаптау түн ортасынан таңғы үшке дейін жалғасқан. Сағат үште оның ішкиімін шешіп, артқы өтісіне таяқ тығуға әрекет жасағанда, ол шыдай алмай, кінәсін мойындайтын жауап беруге келіскен», – деді Дүйсенаевтың адвокаты.

Адвокаттың сөзінше, одан кейін Дүйсенаевты қылмыс жасалған жерге апарып, тергеушілер мен жедел уәкілдердің айтуымен ол кінәсін мойындайтын жауап берген.

«Оның жалғыз іс-әрекеті – үйінің жанынан PIN-кодтары жазылған банк карталарын тауып алып, банкоматқа барып, онда ақша бар-жоғын тексергені. Бар жасағаны осы. Оның үстіне ол қылмыс болған күні немен айналысып, қайда жүргенін минутына дейін айтып бере алады», – деп нақтылады адвокат.

Құқық қорғаушының айтуынша, облыс прокуроры да, қамауға санкция берген судья да Дархан Дүйсенаевтың полиция тарапынан азапталғаны туралы сөзіне ешқандай әрекет жасамаған.

«Біз аудан және Павлодар облысының прокурорларынан қорғауымдағы адамды азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етеміз. Дархан үшеуін де танып бере алады. Шағымымызды Бас прокуратураға да жолдадық, бірақ әзірге жауап жоқ», – деді адвокат Апаханов.

Еске салайық, 1991 жылы туған Дархан Дүйсенаевқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Ол Павлодар облысы Баянауыл ауданының Майқайың кентінде егде жастағы ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген. Қазір ер адам Павлодар тергеу изоляторында отыр.

ДЕРЕККӨЗ:
Sputnik Қазақстан
https://ru.sputniknews.kz/regions/20180226/4734420/pavlodar-ubijstvo-pensionerov-podozrevaemyj-pytki-zayavlenie.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы