Жанат Иманбердінің жақындары жігітті соққыға жыққандардың бәрін жауапқа тартуға ниетті.
Әскердегі «әлімжеттіктің» құрбаны болған талдықорғандық Жанат Иманберді 9–17 қараша аралығында емделген Алматы қалалық жедел медициналық көмек ауруханасынан шығарылды. Алайда оның денсаулығы әлі де алаңдатарлық. Ағасының айтуынша, жігіт жиі есінен танып қалады. Дәрігерлер мұның себебін түсіндіріп бере алмаған.
«Қазір ол үш күнде бір рет есінен танып қалады. Не болғанын анықтау үшін бір күнге арнайы аппаратқа жатқызды. Сонда да есінен танып қалды. МРТ ештеңе көрсетпеді. Шынымен бас-ми жарақаты, яғни басына соққы тигені болған дейді. Біз оны Каблуков көшесіндегі психиатриялық ауруханаға да апарып, талдау тапсырдық, бірақ ол жақтан да ештеңе айтпайды, бәрі құпия. Арғы күні шығатын нәтижені күтіп отырмыз», – деді Сәкен Ғабдуллин.
Істің тергелу барысы туралы ол көп білмейді. Қазір оның сөзінше, ең маңыздысы – жиенінің жағдайын анықтап, аяғынан тұрғызу. Оның мәліметіне сәйкес, сот желтоқсан айында өтуі мүмкін. Сәкен Ғабдуллин істің жабылып, шын кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады.
«Олар қазір әр жерді, әскери комиссариаттарды аралап, денсаулығы нашар баланың әскерге қалай алынғанын анықтап жүр. Желтоқсанда сот болады дейді. Арыз тек бір адамға жазылған, оны жалғыз сол ұрғандай, бәрін соған жапсырып отыр. Оның өзі жауап береріне кепіл жоқ. Қашан, не болатынын әлі айтқан жоқ. Бізге іс жабылды дегендей айтады», – деді сарбаздың ағасы.
Әскери қызметтен босатылған сарбаздың мүддесін қорғайтын заңгер Жәрдембек Қадыралин істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 440-бабы – «Әскери қызметшілердің арасында бағыныстылық қатынастары болмаған кезде олардың өзара қарым-қатынастарының жарғылық қағидаларын бұзу» бойынша тергеу қажет деп санайды. Іс бойынша жалғыз айыпталушыға нақты қандай бап тағылғанын ол айта алмады. Қазір іс материалдары сот-медициналық сарапшылардың қарауында. Кейін олар Қадыралинге танысу үшін беріледі.
Еске салайық, Жанат Иманберді осы жылдың қараша айының басында Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде бірнеше ай ғана қызмет еткен соң психоневрологиялық диспансерге түскен. Ол сөйлей алмай, туыстарын танымай қалған. Әскерилер туыстарын жігіт мотоциклден құлап, содан ауырып қалды деп сендіруге тырысқан. Дәрігерлер бастапқыда оның «жеке тұлғалық бұзылысы» бар деп болжаған, алайда ақыр соңында қазіргі жағдайына әскердегі әлімжеттік себеп болғаны анықталған. Жанаттың өзі үш ересек сарбазды көрсеткен, бірақ қазіргі уақытта тергеу тек олардың біреуіне қатысты жүргізілуде.
ДЕРЕККӨЗ:
http://www.ktk.kz/ru/blog/article/2016/11/28/74104

