Сәрсенбі күні кәсіпкер Мұратхан Тоқмади Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің азаптауы туралы іс бойынша жауап алуға жеткізілді. Бірнеше ай бұрын оның арызы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, ол жәбірленуші деп танылған. Бұл туралы Тоқмадидің жұбайы Жәмилә Айымбетова хабарлады.
«Биыл сәуірде біз азаптау фактісі бойынша Бас прокуратура мен ҰҚК-ге арыз бердік. Олар оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберді, ол қайтадан ҰҚК-ге, кейін тағы Бас прокуратураға жолдады. Ақырында, жеті айға жуық уақыт өткенде, көптеген шағымымыздан кейін Мұратхан осы жағдай бойынша жауап алу үшін Алматыдағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жеткізілді», – деді Жәмилә Айымбетова.
Сотталған кәсіпкер өз арызында ҰҚК басшылығын «ТұранӘлем» банкі басқарма төрағасы Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындату мақсатында оны ұрып-соқты және психотроптық дәрілер берді деп айыптайды.
Айымбетованың түсіндіруінше, сәрсенбі күні Тоқмадидің арызы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру 1 маусымда тіркеліп, 2 маусымда оның жәбірленуші деп танылғаны белгілі болған.
«1966 жылғы 2 тамызда туған Тоқмади Мұратхан Шәкерханұлына тікелей қылмыстық құқық бұзушылық арқылы дене зақымы келтірілген деп пайымдауға негіздер бар екенін ескере отырып, оны жәбірленуші деп тану», – деп кәсіпкердің жұбайы қаулыдан үзінді келтірді.
2004 жылы кәсіпкер Мұратхан Тоқмади банкир Ержан Тәтішевті абайсызда өлтіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, көп ұзамай рақымшылықпен босатылған. 2017 жылы ол бопсалау және қаруды заңсыз сақтау үшін үш жылға сотталды. Кейін КТК телеарнасында деректі фильм көрсетіліп, онда Тоқмади «ТұранӘлем» банкі басшысы Ержан Тәтішевтің 2004 жылғы өлімі «Мұхтар Әблязовтың тапсырысы» болғанын айтқан. 2018 жылғы наурызда сот кәсіпкерді қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеу үшін 10,5 жылға бас бостандығынан айырды. Одан кейін Тараз соты да Әблязовты банктің активтерін иелену үшін Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды деп тауып, оны сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.
Осы жылдың наурыз айында Мұратхан Тоқмади Қасым-Жомарт Тоқаевқа істі қайта қарауды сұрап жүгінген. Ол тергеушілер мен ҰҚК-нің лауазымды тұлғалары өзіне қысым көрсетіп, кінәні мойындау туралы келісімге қол қоюға мәжбүрлегенін айтқан. Сондай-ақ азаптауға ұшырағанын мәлімдеген.
Биыл тамызда Жезқазған қалалық соты Тоқмади мен оның қорғаушыларының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Қазан айында апелляциялық саты да кәсіпкердің мұндай өтінішін қабылдамады.
ДЕРЕККӨЗ:
Интернет-басылым Vласть

