Жарияланымдар

Нұр-Сұлтанда полицейлер ұрды деген мүгедектігі бар бойжеткенге қатысты іс тоқтатылды

2 мин чтения

Астана. 22 қаңтар. ҚазТАГ – Махамбет Әбжан. Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері ұрып-соққан мүгедектігі бар бойжеткен Анастасия Мурашоваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы UranKZ республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Файзолла Каменов хабарлады.

«Біз Анастасия Мурашовамен және оның адвокатымен бірге барлық рәсімнен өтіп, билік өкіліне күш қолдану туралы тағылған бап бойынша айыптаудың процестік тәртіппен күшін жоюға қол жеткіздік», – деді Каменов сәрсенбі күні Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында.

ҮЕҰ басшысы ұйымының бірінші міндеті Мурашоваға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату болғанын айтты.

«Анастасиямен жұмысымызды бастаған кезде «Билік өкіліне күш қолдану» бабы бойынша айыптау өзгеріп жатқан. Қызды жауап алуға шақырып, астанаға өзі келуін талап етті. Ал оның отбасының материалдық жағдайы да, денсаулығы да ауыр еді», – деді ол.

Бұл іске Urankz ұйымы адвокат Ербол Қанафинді тегін (Pro-Bono) негізде тартты.

«Тергеу барысында Настяны ешқандай әкімшілік не қылмыстық материал ресімдеместен вокзалда бірнеше сағат бойы негізсіз ұстағаны анықталды. Ең алдымен қызметкерлердің өздері (полиция қызметкерлері – ҚазТАГ) оған негізсіз күш қолданған. Мұны қылмыстық тергеу құжаттары растайды. Ал ол өзін қорғағандықтан, билік өкіліне, яғни полиция қызметкеріне күш қолданғандай болып шықты. Осының бәрі анықталып, іс тоқтатылды», – деп түсіндірді адвокат.

Қоғамдық ұйым жетекшісі зардап шеккен әйелдің отбасымен байланысты үзбей, қолдау көрсетуді жалғастыруға уәде берді, «өйткені мүгедектігіне байланысты Анастасияға өмір бойы медициналық көмек қажет болады».

«Сонымен бірге біз Анастасияны да, басқа қыздар мен әйелдерді де осындай озбырлықтан қорғау үшін бар күшімізді саламыз», – деп түйіндеді Каменов.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда Мурашованы ұрып-соққаны үшін полиция қызметкерлері мен олардың басшылары жазаланғаны белгілі болған.

Еске салайық, 2018 жылғы 23 қазанда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтаудан келген мүгедектігі бар бойжеткен Анастасия Мурашованың анасы оның соққыға жығылғаны туралы мәлімдегеннен кейін ІІМ Ішкі қауіпсіздік департаменті полицейлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Мурашованың соққыға жығылғаны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желіде тараған. Онда, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан теміржол вокзалында полиция қызметкерлері бойжеткенді қатты ұрғаны айтылған. Интернетте тараған жазбада тәртіп сақшылары Мурашованың қолына кісен салып, оны қорлағаны көрсетілген.

ДЕРЕККӨЗ: https://kaztag.kz/ru/news/delo-v-otnoshenii-izbitoy-politseyskimi-devushki-invalida-prekrashcheno-v-nur-sultane

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы