9 қаңтарда Алматыда бір топ белсенді Наурызбай аудандық полиция басқармасының алдына жиналып, белсенді Назым Табылдиеваны ұстағандарды жазалауды талап етті. 6 қаңтарда көшеде келе жатқан Табылдиеваны азаматтық киімдегі белгісіз адамдар еш түсініктеме берместен күш қолданып ұстап, полиция бөліміне жеткізген.
Бүгін полиция ғимаратына келгендер белсенділерге қысым жасалып, заңсыз қудалау жүріп жатқанын мәлімдеді. Олар қызметкерлерге қатысты «шара қолдануға» шақырды.
– Егер біз полиция қызметкерлерінің осындай әрекеттерінің заңсыз екенін дәлелдей алсақ, бұл өзгеріске қарай жасалған қадам болмақ. Біз тек Назымның атын атап отырсақ та, мұндай жағдай Қазақстанның басқа өңірлерінде де болып жатыр, – деді жиынды ұйымдастырушылардың бірі, айтыскер ақын Ринат Заитов.
Назым Табылдиева қалалық прокуратураға шағым түсіріп, полицияға арыз бергенін хабарлады. 6 қаңтарда ол үйінен шаруасымен шыққан кезде өзін біреулердің аңдып жүргенін байқаған. Айтуынша, белгісі жоқ автокөлік үйінен бастап соңынан ерген. Белсенді оларды бейнежазбаға түсіруге тырысқанда, оны ұстап, телефонын тартып алған.
– Олар өздерін таныстырмады, бірден қолымнан ұстап, телефонымды тартып ала бастады. Екі адам мені күштеп көлікке отырғызды. Телефонды қолымнан жібермедім. Біреуі шынтағымен тамағымды қысты. Менде зоб енді басталып келе жатыр, дауысымды көтерсем, тынысым тарылып қалады, – деді ол.
Наурызбай аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерік Қойбақов белсендіні ұстаған азаматтық киімдегі адамдар басқарма қызметкерлері екенін Азаттыққа растады. Қойбақовтың айтуынша, бұл оқиға бойынша тексеру басталған.
Табылдиева полиция бөлімінде шамамен бес сағат ұсталған. Сол күні оны не үшін ұстағанын түсіндірместен үйіне жіберген. Кейін Алматы қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде Табылдиеваның нақты көрсетілмеген әкімшілік іс аясында ұсталғанын мәлімдеді.
Табылдиева бұл ұстауды өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, үй маңындағы полиция бақылауы үш күн бойы тоқтамаған.
– Бұрын мен Қаңтар оқиғаларында қаза тапқандарға Құран бағыштау үшін орталық алаңға баруды жоспарлағанмын, бірақ 6 қаңтарда басқа шаруамен шықтым, – деді ол.
Қазақстанда маңызды күндер мен митингілер алдында белсенділерді ұстау және полицияға шақыру үйреншікті тәжірибеге айналған. Елдің бірнеше қаласында оппозициялық белсенділер 7 қаңтарға жарияланған аза тұту шаралары күні және оның қарсаңында ұсталды. Белсенділер 7 қаңтарда Қаңтар оқиғаларында өлтірілгендерге арнап тек дұға оқығысы келгенін айтады.
ДЕРЕККӨЗ:
Радио «Азаттық»

