Қарағандыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлері азаптады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Today.kz өңір прокуратурасына сілтеме жасап.

«Қарағанды облысы прокуратурасы арнайы прокурорларының алтыншы басқармасы өңірдегі Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы департаментінің тергеу-жедел тобы құрамындағы әзірге анықталмаған тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы («Азаптау») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады»,— деп мәлімдеді қадағалау органы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлері Қарағанды облысы Осакаров ауданының бұрынғы әкімі Нұржан Әбілдинге қатысты азаптау қолданды деген күдікке ілінген. Бұрынғы шенеуніктің өзіне де пара алды деген күдік келтіріліп отыр.

«Иә, «Азаптау» бабы бойынша тергеу басталды. Тергеу мүддесіне байланысты мәліметтерді жариялай алмаймыз», — деп хабарлады Қарағанды облысының прокуратурасы.

Бұрынғы аудан әкімі Нұржан Әбілдиннің адвокаттары Today.kz-ке хабарлағандай, бұрынғы аудан басшысына пара берді деп күдікке ілінген кәсіпкерге моральдық және физикалық қысым жасалған.

«Қазір сотта пара беруші ретінде қатысып жатқан кәсіпкерге моральдық-психологиялық қысым көрсетілгеніне қатысты сенімді деректер бар. Ол көптеген сағат, шамамен бір тәулік бойы өз еркіне қарсы Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы департаментінің ғимаратында болған. Тамақсыз, сусыз, демалыссыз. Мұны азаптау демегенде не дейміз? Ол ғимараттан тек сол кездегі аудан әкіміне пара бергені туралы жауап берген соң ғана шыққан», — деп түсіндірді адвокаттар.

Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро офицерлерінің бірі ұсталды ма деген сұраққа прокуратура тергеу құпиясына сілтеме жасап жауап беруден бас тартты.

Ал бұрынғы әкімге қатысты сот отырыстары прокуратура «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтағанға дейін тоқтатылған.

Еске сала кетейік, сол кездегі әкім 2015 жылғы қыркүйекте ұсталған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жылыту маусымында мемлекеттік органдарға көмір сатып алуға арналған тендерде кәсіпкердің мүддесін қолдағаны үшін делдал арқылы 200 мың теңге алған. Кәсіпкер жауап беру кезінде кейбір мемлекеттік ұйымдарға көмір жеткізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау мүмкіндігін жоғалтпау үшін әкімге ақша бергенін айтқан.

Қазір сотталушы бұрынғы аудан әкіміне қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Нұржан Әбілдин Осакаров ауданын үш ай — 2015 жылғы 12 маусымнан 2 қыркүйекке дейін басқарған.

ДЕРЕККӨЗ:
Today.kz
http://today.kz/news/proisshestviya/2016-07-18/722307-sotrudnikov-antikorruptsionnogo-byuro-v-karagande-podozrevayut-v-primenenii-pyitok/