БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті қайтыс болған Степногорск тұрғыны Дмитрий Ракишевке азаптау қолданылғанын анықтап, Қазақстан «азаптауға жататын әрекеттердің алдын алу және олар үшін жазалау жөніндегі міндеттерін орындамаған» деген қорытындыға келді. Өйткені мемлекет Ракишев қайтыс болған тергеу изоляторындағы салғырттық туралы қылмыстық істі ғана тергеген. Бірнеше жыл бұрын азаптау бабы бойынша тергеу изоляторының бастығы сотталып, бірақ рақымшылықпен сот залынан босатылған.
Комитет шешімі туралы 2014 жылғы қаңтарда Әшім Ракишев пен оның қайтыс болған ұлы Дмитрийдің мүддесі үшін шағым берген қазақстандық құқық қорғаушы Анара Ибраеваға Адам құқықтары жөніндегі келісімдер бөлімі басшысы Ибрагим Салам жолдаған хаттан белгілі болды. БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті Ракишев ісі жөніндегі шешімді осы жылғы 31 шілдеде қабылдаған.
Комитет шешімінде Ракишевтің «қатты тән азабын бастан өткергені және қамау орны әкімшілігінің жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болғаны» айтылған. «Дәрігерлер ауруханаға жатқызу қажет дегеніне қарамастан, қамау орнының бастығы оны ауруханаға жіберу туралы шешім қабылдамаған». «Азаттық» бұл оқиға туралы 2011 жылы жазған.
Туыстарының айтуынша, Дмитрий Ракишев алты жыл бұрын ұрлық үшін шартты сотталғандықтан полицияға тіркелуге барған, бірақ үйіне қайтпаған. Полиция оны тағы бір ұрлыққа күдікті ретінде Степногорск қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаған. Туыстары оның изолятордан үйіне қоңырау шалып, денсаулығына шағымданбағанын айтады. Сол кезде Ақмола облысының ішкі істер департаментінде жұмыс істеген қызметкерлердің нұсқасы бойынша, Дмитрий Ракишев панкреатитпен және өкпе туберкулезімен ауырған, наркологтың есебінде тұрған, камерадағы кереуеттің екінші қабатынан құлап, жетінші және сегізінші қабырғаларын сындырған, ал пневмониядан қайтыс болған.
Құқық қорғаушы Анара Ибраеваның сөзінше, Дмитрий Ракишевті қамауға алудың қажеті болмаған: оған орташа ауырлықтағы қылмыс айыбы тағылып, өзі тергеуден жасырынбаған. Алайда изоляторға қамалған соң он күн ішінде қайтыс болды, дәрігерлерге қатысты іс мүлде тергелмеген.
— Ауруханаға жатқызудан бас тарту оның өліміне себеп болды. Егер Дмитрий Ракишев сол кезде ауруханаға жеткізілсе, өмірін сақтап қалуға болатынын растайтын сараптамалық қорытынды бар. Менің білуімше, ол дәрігерлер қазір бостандықта. Шын мәнінде біз ештеңе білмейміз, өйткені Әшім Ракишев прокуратураға арыз берсе де, мемлекет 2015 жылдан бері бізге ешқандай жауап қайтарған жоқ, — дейді Анара Ибраева.
Биыл Дмитрий Ракишев 37 жасқа толар еді.
ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28715064.html

