Қызмет

Қаражат бар, бірақ өтемақыны қалай өндіріп алуға болады?

2 мин чтения

Азаптау тәжірибесін толық тоқтату мүмкін болмаса да, мұндай хабарламаларды тергеуге жағдай жасап, озбырлықтан зардап шеккендерге лайықты өтемақы төлеуге қол жеткізу қажет. 20–21 қарашада Алматыда «Азаптау құрбандарын оңалту» атты тренинг өтіп жатыр. Оған 34 адам, соның ішінде 29 кәсіби адвокат қатысуда.

БҰҰ-ның Азаптау құрбандарына көмек көрсету жөніндегі ерікті жарналар қорының қолдауымен құқық қорғау саласындағы сарапшылар азаптау істерімен әртүрлі деңгейде айналысатын адвокаттарға күштік құрылымдар қызметкерлерінің әрекетінен зардап шеккендердің құқықтарын неғұрлым нәтижелі қорғауға көмектесетін құралдар туралы көзқарастарын жеткізді.

Іс-шараға қатысушыларға практикалық жұмыстың екі негізгі бағыты таныстырылды.

Біріншісі — Қазақстан жағдайында азаптау құрбандарына лайықты өтемақы алуға қалай қол жеткізуге болатыны. Биыл «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң қабылданғанына қарамастан, тиісті өтемақыны өндіріп алу кейде кінәлілерді жазалаудан да қиын екені жасырын емес. Мұндай жағдайда қандай мүмкіндіктер барын тәуелсіз сарапшы, Қазақстанның Азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының мүшесі Татьяна Чернобиль түсіндірді. Ол сондай-ақ азаптауды және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын өзге де қарым-қатынас пен жазалау түрлерін тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі нұсқаулықтың — Ыстанбұл хаттамасының — мүмкіндіктерін және оны елімізде қолдану келешегін таныстырды.

Бастапқы кезеңдегі басты кедергі — азаптау фактісін дәлелдеу туралы Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис «Жабық мекемелердегі азаптауға қарсы күрес: ішкі көзқарас. Мәселелер, ерекшеліктер, сын-қатерлер» атты сессиясында баяндады.

Тренингті Қазақстанның Азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы мен Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы ұйымдастырды.

2018 жылдың аяқталмаған кезеңінде Коалицияға жабық мекемелерде немесе полиция бөлімдерінде азаптау және басқа да қатыгез қарым-қатынас жасалғаны туралы 116 шағым түскен.

Былтыр Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметіндегі бас прокурордың көмекшісі Нұрлан Әгібаев ведомствоға түскен шағымдар жөніндегі деректерді жариялаған. Оның айтуынша, «соңғы екі жылда Қазақстанның арнайы прокурорлары азаптауға қатысты 629 істі тергеп, олардың 412-сін ақтайтын негіздер бойынша тоқтатқан». Кем дегенде Бас прокуратура бұл мәселенің бар екенін мойындайды, алайда оны шешу үшін әлі де көп күш қажет.

ДЕРЕККӨЗ: https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/dengi_est,_no_kak_ikh_vybit/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы