Жарияланымдар

Қостанай облысында сотталғандар қорлық көргеніне шағымданды

2 мин чтения

Қостанай облысындағы УК-161/2 мекемесінің қызметкерлері жаппай заңсыз әрекеттер жасады деп 30 сотталған адам шағым түсірді. Бұл туралы «Біз азаптауға қарсымыз» қоғамдық бірлестігінің құқық қорғаушысы Елена Семенова мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Елена Семенова әлеуметтік желіде тұтқындардың туыстарынан алған УК-161/2 мекемесіндегі 30 адамның шағымынан үзінді жариялады. Онда жаңадан келген сотталғандарды бақылаушылар қорқытып, қорлағаны туралы айтылған.

«Бұл жерде ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 126-бабы толығымен бұзылып отыр. Сотталғандардың ерікті ұйымдарын (СЕҰ) мұнда «белсенділер» деп атайды. «Белсенділер» артықшылықтарды пайдаланады, себебі әкімшілік жұмыстың басым бөлігін соларға жүктеген. Сотталғандарды тәрбиелеумен басқа сотталғандар айналысады. «Белсенділер» (СЕҰ) мекеме аумағында еркін жүріп, басқа жасақтарға бара алады, инженерлік-техникалық құрылыстарды басқарады, құжаттар мен ҚАЖ қызметкерлері орналасқан жерлердегі жұмыстарға қатысады. Карантин бөлімінде бұрын басқа мемлекеттік мекемеде кісі өлтіру мен азаптау үшін сотталған адам «жұмыс істейді». Ол жаңадан келгендерді соғып, кемсітіп, қорлауды жалғастырып жүр, ең қорқыныштысы — мұның бәрі әкімшіліктің келісімімен жасалады. Бұл мекемеде шын мәнінде барлығын солар басқарады: қорқытады, кемсітеді, жанжал туғызады», — делінген хатта.

Құқық қорғаушы, сондай-ақ, өз сөзінше, сотталғандар қызметкерлерге тегін форма тігіп қана қоймай, матасын өз ақшасына сатып алатын бейнені жариялаған. Екінші бейнеде үнсіздік пен белгілі бір ақы үшін кез келген әрекетке жол берілетіні айтылады.

Tengrinews.kz редакциясы Қостанай облысы ҚАЖ департаментінің бастығы Нұрболат Мусинге ресми сұрау жолдады.

«Қостанай облысы ҚАЖ департаментінің қауіпсіздік қызметі қызметтік тергеу жүргізді. Оның нәтижесінде өтініште келтірілген уәждер расталмады», — деп хабарлады Нұрбол Мусин.

Жауапта сонымен бірге әр мекемеде сотталғандардың құрамын, жыл мезгілін және жергілікті жағдайды ескере отырып, колония бастығы бекітетін қатаң күн тәртібі ұйымдастырылатыны айтылған.

«Күн тәртібіне ояну, тексеру, ұйқыға жату, дене жаттығуы, тамақтану, жұмысқа шығу, жұмыс істеу; оқу, тәрбие және спорттық-көпшілік іс-шаралар, кездесу бөлмелерінің, дүкеннің және медициналық бөлімнің жұмысы, телефон арқылы сөйлесу уақыты кіреді. Сотталғандарға үздіксіз сегіз сағат ұйқы және жеке уақыт қарастырылған», — деп қосты ол.

ДЕРЕККӨЗ:
Tengrinews.kz
https://tengrinews.kz/crime/unijeniya-pojalovalis-zaklyuchennyie-kostanayskoy-oblasti-385849/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы