Жарияланымдар

Алматы соты Қаңтарда қару ұрлады деп айыпталған адамды алты жылға соттады. Сотталушы азаптау туралы мәлімдеді

2 мин чтения

11 шілдеде Алматының Алмалы аудандық соты Қаңтар оқиғалары кезінде, 5 қаңтарда қару ұрлады деп айыпталған Әлібек Иманбековті алты жылға бас бостандығынан айырды.

Бұған дейін прокурор Қаныш Қанапьянов Иманбековке алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Судья Қайрат Иманқұлов прокурордың өтінішін қанағаттандырды.

Әлібек Иманбеков «кінәсін мойындамайтынын» және «әділдік үшін күресетінін» мәлімдеді.

Өткен жұмада соңғы сөзінде ол «жерде жатқан қаруды тек көтеріп алғанын, ұрламағанын және онымен ештеңе істемегенін» айтты. Оның сөзінше, полицияға хабарласқан, бірақ сол күні қоңыраулар қабылданбаған. Байланыса алмағандықтан, тәртіпсіздіктер біткен соң қайтару үшін мылтықты жасырып қоюға шешім қабылдаған. Алайда кейін үйіне тінту жүргізіліп, қару табылғанын Иманбеков айтты.

— Мен бұл әрекеттерімді қылмыс деп санамаймын. Екі баламның, үшінші топтағы мүгедектігі бар әйелімнің және зейнет жасындағы ата-анамның жалғыз асыраушысы болғандықтан, соттан мені бас бостандығымнан айырмауды сұраймын, — деді Иманбеков сотқа арнаған соңғы сөзінде.

Сот барысында Иманбеков сотқа дейінгі тергеуде берген барлық жауабы азаптау арқылы алынғанын мәлімдеді. Ол өзіне ұсынылған «барлық құжатқа қол қоюға мәжбүр болғанын» айтты. Оның сөзінше, 11 қаңтарда ұсталғаннан кейін 15 қаңтарға дейін соққыға жығылған. Үкім жарияланған соң судья сотталушының азаптау туралы барлық мәлімдемесін «жазадан құтылу үшін жасалған» деп есептейтінін айтты.

Иманбековтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева үкімге апелляциялық шағым түсіріп, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арыз дайындайтынын мәлімдеді.

Қазақстан Бас прокуратурасының маусым айының соңындағы дерегінше, Қаңтар оқиғаларына қатысты істер бойынша мыңнан астам адам күдікті деп танылған, 514 адам қамауда отырған. 30 маусымдағы жағдай бойынша сотқа 392 қылмыстық іс жолданып, олар бойынша 445 адам сотталған. Арнайы прокурорлардың өндірісінде «жаппай тәртіпсіздіктер» бойынша 58 және «терроризм актілері» бойынша сегіз қылмыстық іс болған.

Қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған жүздеген адам өздеріне азаптау және заңсыз тергеу әдістері қолданылғанын айтқан. Шілде айының басына қарай азаптауға күдікпен тоғыз қызметкер қамауға алынғаны белгілі болды: олардың сегізі ҰҚК қызметкері, біреуі полицей. Барлығы азаптауға және заңсыз тергеу тәсілдерін қолдануға 15 адам күдікті болған. Азаптаудан зардап шеккендердің жалпы саны хабарланбаған. Алматы облысында Қаңтар оқиғаларын тергеу кезінде қыздырылған бу үтігімен азаптау істері бойынша 25 адам жәбірленуші деп танылғаны мәлім.

ДЕРЕККӨЗ:

Радио «Азаттық»

https://rus.azattyq.org/a/31937683.html

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы