Шығыс Қазақстан облысының жаңа прокуроры азаптауға қарсы өңірлік Ұлттық превентивтік механизм қатысушыларымен кездесті.
18 қазанда Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында облыс прокуроры Құсайын Абзалбекұлы Игембаевтың ШҚО бойынша Ұлттық превентивтік механизм (ҰПМ) қатысушыларымен кездесуі өтті.
Кездесу барысында осы қызметке жақында тағайындалған облыс прокуроры прокурорлық қызмет саласындағы ҚР заңнамасына енгізілген жаңалықтар туралы мәлімет берді. Ол сондай-ақ облыс прокуратурасы жұмысының қазіргі басым бағыттарына назар аударды. Бұған қоса Игембаев мырза өзінің орынбасарларын таныстырды. Олар мұндай іс-шаралардың маңызын атап өтті.
Қатысушылар бейресми жағдайда өзара ықпалдастықтың ықтимал түрлерін және бірлескен шараларды — дөңгелек үстелдерді, тренингтерді, жабық мекемелерге бірлескен баруды — талқылады.
ШҚО-дағы ҰПМ тобының жетекшісі, Қазақстан халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросы филиалының директоры азаптаудың алдын алу механизміне қатысушылардың бәрін таныстырып, превентивтік барулар кезінде құқық қорғаушылар кездесетін негізгі мәселелер мен қиындықтар туралы хабарлады.
Кездесуде Шығыс Қазақстандағы азаптаудың алдын алу механизмі қатысушыларының бас бостандығынан айыру және бостандықты шектеу орындарын мониторингтеу тәжірибесі ұсынылды. ҰПМ жұмысын одан әрі жетілдіру жолдары, оның ішінде заңнамалық реттеу мәселелері талқыланды.
Қуат Рахимбердин Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының басшылығына ҰПМ-нің 2016 жылғы превентивтік барулар қорытындысы бойынша Қазақстандағы шоғырландырылған баяндамасын тапсырды.
Бұл құжатта ҰПМ-нің өткен жылғы жұмысы және ҚР ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі қарамағындағы жабық мекемелерде адам құқықтарының сақталу ахуалына жасалған талдау көрсетілген.
Сонымен қатар ҰПМ тобының жетекшісі 2017 жылғы қазанға дейін ұлттық превентивтік механизм қатысушылары Шығыс Қазақстандағы мандатына кіретін мекемелердің барлығына 48 превентивтік бару өткізгенін айтты.
Шығыс Қазақстан облысының прокурорымен жұмыс кездесуінде азаптау мен қатыгез қарым-қатынас және жазалау түрлерінің алдын алу жұмысын жақсарту жөнінде ҰПМ мемлекеттік органдарға берген ұсынымдар және оларды тәжірибеде орындау мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында Құсайын Игембаев пен ШҚО ҰПМ қатысушылары Қазақстан ҰПМ жұмысының нәтижелерін жалпы оң бағалап, оның сапасы жоғары әрі жүйелі екенін атап өтті. Сонымен бірге ҰПМ мен мемлекеттің орталық және жергілікті органдары, сондай-ақ мандатқа кіретін мекемелер әкімшіліктері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру қажеттігіне назар аударылды. Қатысушылар мұндай кездесулерді алдағы уақытта да өткізу қажет деген ортақ пікірге келді.
ДЕРЕККӨЗ:
КМБПЧ
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/prokuratura_vko_narashivaet_vzaimodeistvie_s_pravozashitnikami/

