Қарағанды облысындағы колонияда сотталған әйел қарт анасымен ана тілінде телефонмен сөйлесуге тыйым салынғанына наразылық ретінде аузын тігіп тастады.
Қарағанды облысындағы АК 159\9 әйелдер колониясында Люба Занзариеваға анасымен өз ана тілінде сөйлесуге рұқсат берілмейді. Бұл туралы құқық қорғаушы Елена Семенова хабарлады.
«Сотталған әйел 78 жастағы анасымен таксофон арқылы ұзақ уақыттан бері сөйлесе алмай жүр. Анасы орыс және қазақ тілдерін түсінбейді, тек өзінің шешен тілінде сөйлейді», — деп жазды Елена Семенова Facebook парақшасында.
Әйел бұл мәселені жедел-іздестіру бөлімімен, колония бастығының кезекші көмекшісімен және таксофон кезекшісімен шешуге тырысқан, бірақ еш нәтиже болмаған: бәрінің жауабы біреу — болмайды. Оның үстіне анасымен шешен тілінде сөйлесуге тырысқаны үшін басқа адамдар да жазаланған.
Люба Занзариеваға амалсыз ең шетін шараға барып, аузын тігуге тура келген. Шамасы, әйелге медициналық көмек көрсетіліп, жазалау ретінде тәртіптік изоляторға қамалған.
Семенованың хабарлауынша, бұл оқиға арыздарды есепке алу кітабына тіркелген.
Өз кезегінде «Туыстар азаптауға қарсы» бірлестігінің тең төрағасы Игорь Колов бұл оқиғаны сипаттап, Бас прокурордың атына арыз жолдады.
Игорь Колов прокуратураға бұл жағдайдың тілдік белгі бойынша кемсітушілікке тікелей жататынын еске салды.
«Ана тілін пайдалану мен сол тілде қарым-қатынас жасауға тыйым салу Л. Занзариеваның құқықтарын бұзады және Қазақстанның ұлттық заңнамасына қайшы келеді. Атап айтқанда, Конституцияның 14-бабында: „Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды“ делінген. ҚР «Тіл туралы» заңының 6-бабында: „Қазақстан Республикасының әрбір азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар“ деп көрсетілген. Бұл тыйым халықаралық құқық нормаларына да қайшы: Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 2-бабына сәйкес, әрбір адам нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа нанымына, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік не басқа мәртебесіне қарамастан, декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен бостандықтарға ие болуға тиіс. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 26-бабында барлық адамның заң алдында тең екені және кемсітусіз заңның бірдей қорғалуына құқығы бар екені айтылған. Кез келген кемсітуге заңмен тыйым салынып, заң барлық адамды нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси не өзге нанымына, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік жағдайына, тууына немесе басқа мәртебесіне байланысты кемсітуден тең әрі тиімді қорғауға кепілдік беруі керек», — делінген арызда.
ДЕРЕККӨЗ: https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/rot_na_zamok/

