Алматы тергеу изоляторында отырған, тергеу жүргізіліп жатқан 46 жастағы қазақстандық кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы ұлына азаптау қолданылды деп санап, шағым түсірмек. Олар бұл туралы кеше Алматыда өткізген баспасөз мәслихатынан кейін Азаттық тілшісіне хабарлады. Кәсіпкердің анасы әрі ресми қорғаушысы Ғайни Ерімбетованың айтуынша, бүгін түске таман ұлымен кездескенде оның денесінен көптеген жарақат байқаған. Ол мұны биліктің кеше ұлына азаптау қолданылғаны туралы мәлімдемесі үшін кек алуы деп есептейтінін айтты. Уақыты аз болғандықтан, негізгі ақпаратты Facebook-тегі парақшасына орналастырғанын хабарлады.
Кеше, 10 қаңтарда, Ғайни Ерімбетова Алматыдағы баспасөз мәслихатында 46 жастағы ұлы Ескендір Ерімбетовтің тергеу изоляторында бірнеше рет ауыр азаптауға ұшырағанын мәлімдеді. Ол ұлының ата-анасы атынан АҚШ-қа жүгініп, олардың пікірінше, Ескендір Ерімбетовті заңсыз қылмыстық қудалауға және оны азаптауды ұйымдастыруға қатысы бар қазақстандық шенеуніктерді «Магнитский тізіміне» енгізуді сұрады.
Айта кетейік, одан бір күн бұрын, 9 қаңтарда, Алматы қаласының Медеу аудандық № 2 сотының дәлізінде Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы ұлын Алматы тергеу изоляторында алғаш қамауда ұстаған кезде бұрын бірнеше рет сотталған қылмыскерлермен бірге орналастырып, солардың көмегімен қатыгез азаптағанын айтқан. Алайда 21 желтоқсаннан кейін ата-анасы ресми қорғаушы мәртебесін алып, ұлымен кездесе бастаған соң, олардың сөзіне қарағанда, азаптау тоқтаған, бірақ Ерімбетов санитариялық талаптарға сай келмейтін жағдайда ұсталған.
Ескендір Ерімбетовтің қорғаушыларының айтуынша, «Ерімбетов ісіндегі» қалған үш адам қазір Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің тергеу изоляторында отыр.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Ескендір Ерімбетовке азаптау қолданылғаны туралы шағым бұған дейін Бас прокурордың атына жіберілгенін хабарлады. Оның айтуынша, шағым одан Алматы прокуратурасына, кейін дәл осы мекеме (тергеу изоляторы) қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағым түскен Алматы қаласының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жолданған.
Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адам өткен жылғы 13 қарашада Алматыда «жымқыру» және «ақшаны жылыстату» күдігімен ұсталды. 15 желтоқсанда тергеу соты «Ерімбетов ісінің» фигуранттарын екі айға қамауға алуға санкция беріп, олардың мүлкіне тыйым салды, ал өздері тергеу изоляторына орналастырылды. 9 қаңтарда тергеу соты Ерімбетовтің қамау мерзімін тағы екі айға — 13 наурызға дейін ұзартты.
Тергеу күдіктілердің, биліктің мәлімдеуінше, қазір шетелде тұратын БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов банктен бұрын алып кеткен ондаған миллион долларды заңдастыруға қатысы бар деп есептейді. Сондай-ақ Ескендір Ерімбетов «өзі бақылауындағы компания арқылы» бюджет қаражатының шамамен бір миллиард теңгесін жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеушілердің нұсқасы бойынша, Ерімбетов пен оның болжамды сыбайластары «қазақстандық сот төрелігінен шетелде жасырынып жүрген адамдардың қаржылық мүддесі үшін бірлесіп әрекет еткен».
ДЕРЕККӨЗ:
https://rus.azattyq.org/a/28968981.html

