Жарияланымдар

Шарасыздықтан жасалған әрекет тергеуге түрткі болды

ШҚО прокуратурасы Ұлттық превентивтік механизм қатысушылары хабарлаған ОВ-156/6 колониясындағы заңбұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ екі сотталған адамның өзін жарақаттауына әкелге

3 мин чтения

ШҚО прокуратурасы Ұлттық превентивтік механизм қатысушылары хабарлаған ОВ-156/6 колониясындағы заңбұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ екі сотталған адамның өзін жарақаттауына әкелген қорлық туралы хабарларды тергеу полицияға тапсырылды.

Бұған дейін осы жылдың 25 ақпанында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық превентивтік механизм қатысушыларының тобы қауіпсіздігі барынша жоғары ОВ 156/6 түзеу мекемесіне (ШҚО Шемонаиха ауданы Половинка ауылында орналасқан) арнайы превентивтік бару өткізгенін хабарлағанбыз. Бірақ бұған дейін екі сотталған адам ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіліне осы колония қызметкерлері азаптау мен қатыгез қарым-қатынас көрсеткеніне шағымданып, соның салдарынан өздерін жарақаттауға мәжбүр болғандарын айтқан (қараңыз: «Тірідей кесіп жатыр»).

Жуырда біз Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандарын тарта отырып, ОВ-156/6 қызметкерлерінің А. және М. есімді сотталғандарға қатысты заңсыз әрекеттері туралы арнайы превентивтік бару қорытындыларын тексергені жөнінде ресми ақпарат алдық.

Қадағалау органының хатында «прокуратура қызметкерлері аталған сотталғандарды жеке қабылдағаны» атап көрсетілген.

Комиссиялық тексеру барысында А. және М. есімді сотталғандардың іштері мен мойындарында операциядан кейін қалған түзу тігіс іздері (ауырмайтын және таза) анықталған.

Сонымен бірге «Департаменттің 2019 жылғы 20 наурыздағы сараптамалық қорытындысына сәйкес, ОВ-156/6 түзеу мекемесінде ҚР ІІМ-нің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 314 бұйрығымен бекітілген, бостандығы шектелген азаматтарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында сот үкімімен жазасын өтеп жатқан және арнайы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларының 63 және 154-тармақтары бұзылған: сотталғандарды жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өткізу жүргізілмейді, жарақат алу жағдайларын тіркеу журналы толтырылмайды».

2019 жылғы 29 наурызда Шемонаиха ауданының прокуратурасы медициналық көмек көрсету қағидаларының анықталған бұзушылықтарына байланысты мекеме басшысына медициналық қызметкерлерге қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы қаулы жолдаған (ол қаралып жатыр).

Бұған қоса М. мен А.-ның колония қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты өтініштері прокуратурада тіркеліп, материалдар процестік шешім қабылдау үшін полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жіберілген. Ол басқарма ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігі — «Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қабылданған процестік шешім туралы сотталғандарға қылмыстық қудалау органы заңда көзделген мерзімде хабарлайды.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның Шығыс Қазақстан филиалы бұл жағдай сотталғандардың өздерін жарақаттауы мәселесін ғана емес, олардың өтініштер мен шағымдар беру тетіктерін пайдалану құқығын іске асырудағы жүйелі мәселені де көтереді деп есептейді. Бұған БҰҰ аясында қабылданған халықаралық құқықтық құжаттарда, соның ішінде 2015 жылғы 21 мамырда қабылданған Тұтқындармен қарым-қатынас жасаудың БҰҰ-ның жаңа ең төменгі стандартты қағидаларында («Нельсон Мандела қағидалары») ерекше назар аударылған. 56-қағиданың 3-тармағына сәйкес, «Әрбір тұтқынның өзіне жасалған қарым-қатынасқа байланысты мазмұны жағынан цензураға ұшырамауға тиіс арыздарымен немесе шағымдарымен түрме басқармасының орталық органдарына және сотқа немесе басқа құзыретті органдарға, оның ішінде істі қайта қарайтын немесе жағдайды түзету шараларын қабылдауға өкілетті органдарға жүгіну мүмкіндігі болуға тиіс».

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы