Жарияланымдар

Сотталғандардың өзін жарақаттауы: Қазақстан заң шығарушысының Конституцияның «әрпі» мен «рухына» сай шешімі

Биылғы жазда ҚР Қылмыстық кодексінен сотталғандардың өз денсаулығына зиян келтіруіне байланысты қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын даулы норма алынып тасталды. 2018 жылғы 12 шіл

2 мин чтения

Биылғы жазда ҚР Қылмыстық кодексінен сотталғандардың өз денсаулығына зиян келтіруіне байланысты қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын даулы норма алынып тасталды.

2018 жылғы 12 шілдедегі ҚР № 180-VІ заңымен Қылмыстық кодекстің 428-бабының 3-бөлігі алынып тасталды. Бұл норма сотталғандардың жазасын әрі қарай өтеуден жалтару мақсатында өз денсаулығына зиян келтіруін қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде қарастырған. Қазақстан заң шығарушысының бұл шешімінің ұзақ тарихы бар: 2008 жылы-ақ ҚР Конституциялық кеңесі сотталғандардың «өзін жарақаттауын» қылмыс ретінде қарастыру Конституцияға және халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттарына сәйкес келмейтінін атап өткен. Атап айтқанда, Конституциялық кеңес адам қадір-қасиетіне сай келмейтін жағдайда ұсталған сотталғандардың мұндай әрекетін наразылықтың шектен шыққан түрі ретінде қарастыру қажет екенін көрсеткен.

Жылдар өтті, бұрынғы Қылмыстық кодекстен алынып тасталған норма 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа ҚР Қылмыстық кодексіне қайта енді. Сотталғандардың өзін жарақаттауын жауапкершілікті ауырлататын белгі ретінде қарастырудан арылу үшін академиялық ғылым мен құқық қорғаушылар қауымдастығының біраз уақыты мен күш-жігері қажет болды.

Мәселен, қазақстандық ғалым және құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі бюроның ШҚО филиалының директоры Қуат Рахимбердин жүргізген зерттеу қылмыстық заңдағы мұндай саралаушы белгінің ескіргенін, негізсіздігін, криминологиялық тұрғыдан ақталмайтынын және мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретінін көрсетті («Сотталғандардың өзін жарақаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік: Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкессіздік»).

Осы күш-жігердің нәтижесінде «сотталғандардың өзін жарақаттауы» ҚР Қылмыстық кодексінен алынды. Бұл шешім түпкілікті болады деп үміттенеміз. Мемлекет объективті түрде қылмыс белгілері жоқ әрі халықаралық құқықтық актілерде баламасы кездеспейтін әрекеттер үшін қылмыстық жазаны қайта енгізбесе екен.

Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы бұл өзгеріс айрықша маңызды: ол еліміздің халықаралық құқықтың гуманистік қағидаттарына, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге бейілділігін көрсетеді. Сондай-ақ заң шығарушының қылмыстық сот төрелігі, сотталғандарды бақылау және жазасын өтеп жүрген адамдармен қарым-қатынас сияқты маңызды салаларда құқықтану ғылымының ұсынымдарын ескеретінін білдіреді.

Қоғамнан мәжбүрлі түрде оқшауланған орындардағы адамдардың құқықтарының қорғалуын және ондағы ахуалды жақсартуға бағытталған шешім қабылдаған Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының кәсіби ұстанымын құптап, қолдау қажет.

ДЕРЕККӨЗ: https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/chlenovreditelstvo_osujdennykh/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы