Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде азаптауға қарсы іс-қимыл мәселесі талқыланды, деп хабарлайды «Петропавловск kz» өңірлік ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлер, прокурорлар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен журналистер азаптаудың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін бірлесіп талқылады.
— Соңғы жылдары Қазақстан азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын, қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынас түрлеріне қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар маңызды реформа жүргізді. Осы арқылы мемлекетіміз демократия қағидаттарын ұстануға және адам құқықтарын қамтамасыз етуге бейілділігін растайды, — деп атап өтті СҚО ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Билялов. Ол барлық полиция бөлімшелерінің басшыларына ұсталған адамдармен жұмыс істеудің рұқсат етілмеген әдістеріне жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды.
Полициядағы азаптауға қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Құрманов полиция қызметкерлерінің азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтауын және азаптауға жол бермеуін бақылау үшін үнемі профилактикалық рейдтер өткізілетінін айтты. Сотқа дейінгі іс жүргізу және жедел-іздестіру қызметімен айналысатын полицейлердің жұмыс кабинеттері тексеріліп, шағымдар қабылданады.
Сондай-ақ уақытша ұстау изоляторлары мен ҚАЖ департаменті мекемелерінде оқшауланып отырған адамдарды әрбір алып шыққаннан және қайта әкелгеннен кейін дене жарақаты бар-жоғын міндетті медициналық тексеруден өткізу тәжірибесі енгізілген. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы еліміздің басқа өңірлерінде тіркелген азаптау фактілері бойынша сот шешімдері туралы мәлімет берді. Нұрлан Құрманов азаптау туралы шағымдар әлі де кездесетінін, олардың бір бөлігі қылмыстық жауаптылықтан құтылу немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстау режимін жеңілдету мақсатында берілетінін атап өтті. Кейбір шағымдар күдіктілерді күш қолданып ұстағаннан кейін түседі. Алайда заң шеңберінде жасалған мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкелмейді, деді ол.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің тергеу басқармасының басшысы Рүстем Дүсекеев те ұсталған адамдармен жұмыс істеудің заңсыз әдістеріне қарсы профилактикалық шаралар туралы айтты. Прокуратура қызметкерлері құқық қорғау жүйесіндегі осындай теріс құбылыстарға қарсы күресте барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті.
Ұлттық превентивтік механизм өкілі Александр Верстаков кеңестің және азаптауға қарсы іс-қимыл саласындағы мұндай ынтымақтастықтың маңызын айтты. Сонымен бірге соңғы жылдары ұсталған және сотталған адамдарды ұстау жағдайлары айтарлықтай жақсарғаны, бас бостандығынан айыру орындарының инфрақұрылымы жетілдіріліп жатқаны, құқықтық ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етілгені атап өтілді. Мұндай шаралар ұсталған адамдардың құқықтарын сақтаудың бір жолы болып саналады.
ДЕРЕККӨЗ:
http://www.pkzsk.info/v-petropavlovske-obsudili-mery-po-protivodejstviyu-pytkam/

