Жарияланымдар

Ерлі-зайыптылардың екеуі де қатты соққы алған

Полицейлер негізсіз күш қолданғаны анықталған; сот-медициналық сараптама денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келгенін көрсеткен; полиция қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалан

2 мин чтения

Полицейлер негізсіз күш қолданғаны анықталған; сот-медициналық сараптама денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келгенін көрсеткен; полиция қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдаланғаны танылған. Тек жауапқа тартылған адамдар жоқ.

Жуырда, 2021 жылғы тамызда Қостанайда полицейлер пәтерді тінту кезінде ерлі-зайыпты Вячеслав пен Алена Кислицындарға күш қолданған. Соның салдарынан жақ сүйегі сынған Вячеслав есірткі сақтау және сату күдігімен тергеу изоляторына қамалды, ал жұбайы нейрохирургия бөліміне жатқызылды (қараңыз: «Бокс классикасы — полиция жанрының классикасы»).

Кислицындарға қатысты құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерін Қостанай облысы полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеріп, полицейлердің әрекетін лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану деп бағалаған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысын алғаннан кейін тергеу органы Аленаға келтірілген зиянның ауырлығын ескере отырып, оған қатысты бар болғаны әкімшілік құқық бұзушылық жасалған деген шешімге келген. Алайда ауруханада Кислицынаға «мидың ошақты жарақаты, жабық бас-ми жарақаты, мидың соғылуының жедел кезеңі, субарахноидальді қан құйылу, ми ісінуі, бас пен беттің жұмсақ тіндерінің соғылуы, мойынның байлам аппаратының соғылуы мен созылуы, цефалгия, құлақ пен оң жақ дабыл жарғағының барожарақаты» деген диагноздар қойылған. Ауруханада жатқан қызға полицейлер келіп, оның жағдайын көрген және жауап алуға тырысқан, бірақ болған оқиғаны неге екені белгісіз, азаптау деп есептемеген.

Қорғау тарапы бірнеше рет шағымданған соң іс ҚР ҚК 146-бабы («Азаптау») бойынша қайта сараланып, сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Қостанай облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне берілген.

Бірақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған іс бірден тоқтатылып, Вячеслав Кислицынға тағылған айыпты қарайтын сотқа жіберілген. Сот талқылауы барысында сотқа дейінгі тергеу материалдары зерттелді, бірақ, шамасы, тек рәсімді орындау үшін ғана. Істің нәтижесі біреу: Вячеслав есірткі сақтау және сату айыбы бойынша 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Азаптау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулыға адвокат Руфина Волочай тергеу соты арқылы шағым түсірді. Істі тоқтатқан тергеуші Өтегенов бұрын адвокаттың дене жарақаттарына сот-медициналық сараптама тағайындау туралы өтінішхатын қанағаттандырғанын ескермеген, ал сараптама мүлдем өткізілмеген. Іс жай ғана қылмыс құрамы жоқ деген негізбен жабылған. Бұл жолы тергеу сотының қаулысы бойынша тергеу қайта басталды.

Кейін бұған дейін Вячеславтың жақ сүйегі сынбаған деп мәлімдеген сарапшы Каменский сот-медициналық сараптама жүргізді. Қорғау тарапы оның объективтілігіне шағымданғаннан кейін ғана екі сарапшы қатысқан қайталама комиссиялық сараптама өткізілді. Екі сарапшы да бір тұжырымға келді: Вячеславтың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген.

Сол себепті қазір сотқа дейінгі тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлі жүргізіп жатыр, алайда айтарлықтай ілгерілеу байқалмайды…

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы