Жарияланымдар

Погон таққан «ғажайып жасаушылар» және олардың қысым көрген нысаналары

3 мин чтения

Жаңаөзенде кафе тонады деген күдікке ілінген екі адам сот алдында жауап беріп жатыр. Ал жәбірленушілер, олар бір мезгілде куәгерлер де, полицияға ұсталғандардың нағыз қылмыскерлер емес екенін түсіндіруге тырысқан. Алайда азаптау мен қысым «ғажайып» жасап, тергеу кезінде екеуі де кінәсін мойындаған.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі азаптау қолданды деп айыпталған Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қылмыстық қудалауды тоқтату туралы процестік шешім қабылдады.

Сонымен бірге Бекзат Қойлыбаев пен Самат Әлиев есімді екі жігіт айыпталушылар орындығына отырды. Полиция нұсқасына сәйкес, олар Жаңаөзендегі кафені тонаған. Ал негізгі куәгерлер саналатын жәбірленушілер басқа адамдар ұсталғанын айтады.

Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі бюроның Маңғыстау филиалына айыпталушылардың адвокаттары Берік Жақыпов пен Амангелді Қанбақбаев хабарлаған.

Екі сотталушы да қорғаушыларына Жаңаөзен полициясының қызметкерлері мен бетперде киген арнайы бөлімше өкілдері физикалық және моральдық қысым арқылы өздерін 2018 жылғы 15 наурызда «Ваши Суши» кафесінде белгісіз адамдар жасаған қылмысты мойындауға мәжбүрлегенін айтқан.

Олар жалған тергеу хаттамаларын жасап, қылмыстық іс материалдарын бұрмалаған қызметкерлердің есімдерін атаған. Сондай-ақ өздерін қорқытып, жалған жауапқа қол қоюға мәжбүрлеген арнайы бөлімше қызметкерлерін тани алатынын жеткізген.

Жігіттердің сөзін кафе әкімшісі, жәбірленуші Мұқашева да өз түсініктемесінде қуаттайды. Ол тергеушілерге бірнеше рет ұсталған адамдар кафе тонаушылары емес екенін айтқан, өйткені қылмыскерлердің тері түсі, дене бітімі мен бойы күдіктілерден айтарлықтай өзгеше болған.

Тергеу барысында ойыншық тапанша ұстаған қылмыскерлердің бірінің оң қолында татуировка болғаны анықталған: ол бейнежазбадан көрінген. Ал Қойлыбаев пен Әлиевтің қолында татуировка жоқ. Мұқашеваның түсініктемесін әріптестері де растаған: олар полицияға ұсталғандардың суреттеріндегі адамдар тонаушылар емес екенін жеткізуге тырысқан.

Қойлыбаев пен Әлиевтің айғақтарын маман Жонысовтың қорытындылары да қуаттайды. Қарау кезінде екеуінің денесінен әртүрлі жарақат анықталып, олардың пайда болған мерзімі ұсталу уақытына сәйкес келген. Психологиялық жай-күйінен жігіттердің қылмысты жасамағанын, бірақ бетперде киген «белгісіз» адамдардың зорлығынан қорқып, күйзеліске түскенін аңғаруға болатындығы айтылған.

Ұсталғандардың түсіндіруінше, бүкіл айыптау Жарылғасов деген адамның куәлігіне сүйенген. Ол өз кезегінде Мәлік есімді полицейдің қысымымен жауап бергенін телефон камерасына айтып түсірген.

Сондықтан анықтаушыларға қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мақала авторының пікірінше, бұған «Дәлелдемелерді және жедел-іздестіру, қарсы барлау материалдарын бұрмалау» бабын да қосуға болар еді.

Алайда полицейлерге қатысты тергеу жүргізген Маңғыстау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оқиғаны көрген адамдар мен куәлардан жауап алмады, сот-медициналық және басқа сараптамаларды тағайындамады. Ақыры полиция қызметкерлеріне қатысты істі тоқтатып, айыпталушыларды өздерінің кінәсіздігін өздері дәлелдеуге мәжбүр етті.

ДЕРЕККӨЗ: https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/chudotvorcy_v_pogonakh/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы