Жарияланымдар

Қатты қобалжығаны ма? Бола береді

2 мин чтения

Сот «тергеу әрекеттерінен» кейінгі жауаптар, денедегі көгерген іздер мен жарақаттар, сондай-ақ өзіне қол жұмсау әрекеті қылмыс белгілері емес деп шешті. Шамасы, бойжеткеннің бәрін эмоцияға беріліп ойдан шығарғаны жөніндегі тұжырымға келген.

Рудный қалалық сотының судьясы А. Салмұхаметов азаптау қолданды деп айыпталған жедел уәкілдер Охотниченко мен Әбиджановты ақтады. Үкім 27 шілдеде жарияланды (қараңыз: «Қостанай облысында азаптау бойынша айыпталған полицейлер ақталды»).

Қысқаша айтқанда, студент Лена үй шаруасына көмектесіп жүрген жасы үлкен ер адамның жақындасу әрекетін қабылдамаған. Содан кейін полицияға бойжеткен оның ақшасын ұрлады деген арыз түскен. Басталған «тергеу әрекеттері» қызды өзіне қол жұмсауға әрекеттенуге дейін жеткізген (қараңыз: «Ленаның қайғысы»).

Елена мен анасы кеңес алу үшін Адам құқықтары жөніндегі бюроның Қостанай филиалына жүгінген. Сот отырыстарының бірінде қорғаушы адвокаттың «Не үшін?» деген сұрағына Светлана: «Кейбіреулер қорқады…» деп жауап берген.

Бюроның Қостанай филиалы заңгерлері сот процесін басынан бастап бақылаған. Үкімді жариялау кезінде «…қылмыс құрамы болмағандықтан» деген сөз айтылды. Сонда мүлде ештеңе болмағаны ма?

Университетте оқытушыларымыз қылмыстың белгілері болатынын айтатын. Алдымен ең маңыздысы — қоғамдық қауіптілікті қарастырайық. Ол нені білдіреді? Қылмыстық құқық адам, қоғам және мемлекет мүдделеріне зиян келтіретін немесе сондай зиян келтіру қаупін тудыратын әрекеттерді ғана қылмыс деп таниды. Қызға дөрекі қарау, өкілеттіксіз тергеу әрекеттерін жүргізу, Царегородцеваны аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратына күштеп жеткізу және мойындату үшін қысым көрсету қорғау тарапының, енді соттың да нұсқасында бұған жатпайтын болып шықты.

Сотта азаптады деп айыпталғандар кінәсін мойындамай, Еленаның жауапкершіліктен құтылу үшін бәрін ойдан шығарғанын айтты. Дәлелдеу міндеті «айыптау тарабына» жүктеледі, ал сотқа ұсынылған нәрсенің бәрі жеткіліксіз деп танылды. Осы «бәрінің» ішінде 19 жастағы қыздың өзіне қол жұмсамақ болғаны, денесіндегі көгерген іздер мен жарақаттар, өзінің айғақтары да бар. Сот бәрібір қылмыс белгілері жоқ деп шешті. Психолог Л. Федорец Елена бастан өткерген күйзеліс күшті эмоциялық реакция тудыруы мүмкін екенін айтып, таблеткалардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен-өтпегеніне кім назар аударар еді деген ой білдірді. Өмір сүргісі келмеудің өзі көп нәрсені аңғартады. Бірақ сот Елена таблетка ішер кезде олардың мерзімі өтіп кеткендіктен әсері әлсірегенін түсінген болуы мүмкін деп санады.

Қазіргідей, ішер алдында интернеттен «гуглдеп» қараған шығар.

Сөйтіп, сот барлық күмәнді айыпталушылардың пайдасына түсіндірді.

Айыптау тарабы ақтау үкімімен келіспейді және оған шағым түсірмек. Адам құқықтары жөніндегі бюроның Қостанай филиалы заңгерлері істің барысын бақылауды жалғастырады.

ДЕРЕККӨЗ:
https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya/perevolnovalas_byvaet/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы