Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Қазақстанның дзюдодан бұрынғы чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовтің өліміне қатысты іс бойынша шартты жаза алған павлодарлық колонияның екі қызметкеріне шығарылған үкімді өзгертті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Алқа Павлодар қаласының № 2 сотының сотталғандарға қатысты үкімін өзгертуді қаулы етті. Ержан Қанкин мен Қайырбай Мұқановқа тағайындалған шартты жазаны алып тастап, әрқайсысын алты жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру белгіленсін», — деп қаулының қарар бөлігін төрағалық етуші судья Мұхтар Смағұлов оқыды.
Судьяның айтуынша, апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот үкімін тым жұмсақ деп санаған.
«Прокурордың наразылығы мен жәбірленушілердің шағымы ішінара қанағаттандырылды. Айыпталған қылмыстары ауыр әрі сыбайлас жемқорлық сипатында болғандықтан, сотталушылар қамауға алынды. Сол себепті жазаны өтеу мерзімін ұлғайттық», — деп түсіндірді судья Смағұлов.
Сот алқасы Әбдікәрімов өзіне қол жұмсаған деген қорытындыға да келді. Жәбірленушілер бұл тұжырыммен келіспейді және шағым түсірмек. Айта кетейік, өлімінен кейінгі қайталама психологиялық-психиатриялық сараптамаға сәйкес, сотталған Әбдікәрімовте психикалық бұзылыс болмаған.
«Е. Т. Қанкин, Қ. С. Мұқанов және басқа адамдардың әрекеттерін (қорқыту, қатыгездік көрсету, адамдық қадір-қасиетін жүйелі түрде кемсіту) сотталған Б. Н. Әбдікәрімовтің қатты күйзеліске түсуінің себебі ретінде қарастыру керек. Мұның салдары өзіне қол жұмсауға (өлімге) әкелуі мүмкін болған. Алайда зерттелушінің анықталған жеке психологиялық ерекшеліктері суицид туралы болжамға қайшы келеді», — делінген сарапшылар қорытындысында.
Апелляциялық сот сондай-ақ жол берілген заң бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларға шара қолдану мәселесін қарау туралы Қазақстанның ішкі істер министріне, Бас прокурорына және Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бастығына жекеше қаулылар шығарған.
Бұған дейін Мұқанов пен Қанкин «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет азаптау», «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» және «лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» баптары бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы үш жарым жылға сотталған еді. Колонияның бұрынғы бастығы Саспанов төрт жылға бас бостандығынан айырылған.
Еске салайық, Бақытжан Әбдікәрімов 2016 жылғы ақпанда Павлодардағы АП-162/3 колониясының аумағында тамағы кесілген күйде табылған. Сот-медициналық сарапшылардың қорытындысы бойынша, ер адам мойынға өткір жүзді затпен салынған кесік жарадан көп қан жоғалтып қайтыс болған. Бұдан бөлек, марқұмның ішінің алдыңғы тұсында 46, оң білегінде 14, сол білегінде 76 беткі кесілген жарақат тіркелген. Сотталған адамның жаза мерзіміне қатысты жеке шағымын қарауға тиіс сотқа екі күн қалғанда қаза тапқаны белгілі. Өлерден бірнеше күн бұрын ол колония басшылығына өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, өзіне қоқан-лоқы көрсеткен адамдардың есімдерін атаған шағым жазған. Алайда әкімшілік оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ешбір шара қолданбаған. Әбдікәрімов денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жүрген. Бастапқыда 10 жылға сотталғанымен, кейін жаза мерзімі бес жылға дейін қысқартылған. Алда болатын апелляциялық сот оның жазасын жеңілдетеді деп күтілген.
ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/events/smert-izvestnogo-dzyudoista-pavlodare-sud-izmenil-prigovor-343097/

