Жарияланымдар

Ерболат Қасеновке полицияда азаптау қолданылғаны туралы Бас прокурорға үндеу

3 мин чтения

Қазақстан Республикасының Бас прокурорына

Қ. П. Қожамжаровқа

 

Құрметті Қайрат Пернешұлы!

Еліміздің 40-тан астам құқық қорғау ұйымы мен тәуелсіз сарапшысын біріктіретін Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы Ақмола облысы Целиноград ауданы полиция бөлімінде Ерболат Қасеновке азаптау қолданылғаны туралы мәлімдемеге алаңдаушылық білдіреді.

Е. Қасеновтің айтуынша, 2012 жылғы желтоқсанда Целиноград ауданы ішкі істер бөлімінің полицейлері оны өзі жасамаған әрі қатысын жоққа шығарған қылмысты мойындату үшін азаптаған. Өтініш беруші қатыгездікке ұшыраған: полиция қызметкерлері 4 күн бойы зорлық қолданып, ұйықтатпаған, басына пакет кигізіп, азаптаудың басқа да тәсілдерін пайдаланған. Азаптауға шыдай алмаған Е. Қасенов өзі жасамаған қылмысты мойындау туралы хаттамаға қол қойған және кейін сол қылмыс үшін сотталған. Азаптау фактілері туралы Е. Қасенов прокуратураға жүгінгенімен, оның арызына тиісті тексеру жүргізілмеген, шара қолданылмаған.

2018 жылғы 26 шілдеде Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Ақмола облыстық департаменті Е. Қасеновке азаптау қолдану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Азаптаудың ұзаққа созылғанын, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық құқығына нұқсан келгенін және Қазақстан Республикасының Конституциясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, БҰҰ-ның Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалауға қарсы конвенциясы кепілдік берген құқықтардың бұзылғанын ескере отырып, баяндалған фактілерді тергеу және азаптау туралы хабарлаған адамды тиісті қорғау шараларымен қамтамасыз ету үшін шұғыл әрі тиімді әрекет жасау қажет деп санаймыз.

Азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалауды тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі нұсқаулық (Стамбұл хаттамасы) азаптаудың алдын алу бойынша халықаралық стандарттардағы құқықтық міндеттемелерді түсіндіреді: «…азаптаудан қорғауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттер орындауға тиіс бірқатар міндеттеме белгіленген. Оларға азаптау қолданылды деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған жағдайда құзыретті органдардың жедел әрі бейтарап тергеу жүргізуін қамтамасыз ету кіреді (БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының 12-бабы)».

Жоғарыда баяндалғандарды негізге алып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14 және 17-баптарын, БҰҰ-ның Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалауға қарсы конвенциясының 12-бабын, жазаларды орындау, адамдарды арнаулы мекемелерде ұстау және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды бақылау кезінде заңдылықты сақтау бойынша прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, өтініш берушінің уәждеріне тиімді әрі бейтарап тексеру жүргізуді, Ерболат Қасеновке қатысты азаптау туралы хабарламаларды Бас прокуратураның арнайы прокурорларының қатысуымен тәуелсіз әрі тиімді тергеуді және қажет болған жағдайда өтініш берушінің құқықтарын қорғап, қалпына келтіру үшін прокурорлық ден қою шараларын қолдануды сұраймыз.

 

Құрметпен,

Роза Ақылбекова

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының үйлестірушісі,

Қазақстандық халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы директорының орынбасары

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы