Алматы облысында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция қызметкері куәгерлерді азаптаған, деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«Сопиев М. кінәсін мойындататын жауаптар алу мақсатында қылмыстық іс бойынша куәгерлерді бірнеше рет азаптаған және өз қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін аталған адамдарды жеке үйдің аумағында заңсыз ұстаған», — делінген сәрсенбіде таратылған хабарламада.
29 тамызда Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотының үкімімен Ұйғыр ауданы жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімінің учаскелік инспекторы М. Сопиев үш жылға бас бостандығынан айырылды.
«М. Сопиев мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ полиция лейтенанты арнайы шенінен айырылды», — делінген хабарламада.

