Қазақстанның Азаптауға қарсы коалициясының құқық қорғаушылары Алматыдағы Қанды қаңтар күндері шекарадан өткен кезде ұсталып, соққыға жығылған Қырғызстан азаматы Чолпонбек Сыдыковқа адвокат беруге дайын.
47 жастағы Чолпонбек Сыдыков 8 қаңтарда шекарадан өтіп бара жатқанда ұсталған. Оның айтуынша, полицияда оны азаптаған және қысым көрсетіп, тәртіпсіздіктер мен тонауға қатысқанын мойындауға мәжбүрлеген.
Чолпонбек Сыдыковтың екі аяғы да сынған, қазір оған оңалту қажет. Қырғызстандағы орталық оған медициналық көмек көрсетуге дайын екенін білдірген. Қазір Сыдыков Бішкекте жүр.
Сыдыковтың Қазақстандағы мүддесін қорғайтын адвокат тергеу барысын бақылауға ниетті, деп хабарлайды Қырғызстанның Азаптауға қарсы коалициясы.

