Жарияланымдар

Ұсталған адамды азаптаған полиция инспекторына қатысты үкім өзгеріссіз қалды

1 мин чтения

ШҚО-да ұсталған адамға электр есеңгіреткішін қолданған полицейге қатысты үкім күшінде қалды, деп хабарлайды «DKNews» ақпарат агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облыстық соты жергілікті тұрғынды ұрып-соғып, электр есеңгіреткішін қолданды деп айыпталған Катонқарағай аудандық полиция бөлімінің инспекторына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін Катонқарағай аудандық соты полицейді күш қолданып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған.

Прокуратураның түсіндіруінше, сот барысында учаскелік инспектор А. Үлкен Нарын ауылындағы полиция тірек пунктіне мас күйде жеткізілген Б. есімді азаматтың іші мен кеудесінен бірнеше рет жұдырықпен ұрғаны, кейін электр есеңгіреткішімен жарақат салғаны анықталған. Электр тогының әсерінен Б. есімді азаматтың бүкіл денесінде күйік іздері пайда болған. Осыдан кейін учаскелік қызметкер оны ауыл сыртына апарып, тастап кеткен.

Оқиға туралы материал ШҚО прокуратурасына түсіп, істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеген.

Сотта қадағалау органының атынан қатысқан мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп тануды сұраған.

Нәтижесінде полицей бес жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтеуі тиіс.

Апелляциялық саты үкімді күшінде қалдырды.

ДЕРЕККӨЗ:

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы