26 маусым — Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күні. Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау салдарынан жақындарынан айырылғандардың барлығына, сондай-ақ азаптау туралы арыздары тиімді тергелместен өмірден өткен адамдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады. Коалиция Қазақстан үкіметін азаптау туралы барлық арыздар мен бас бостандығынан айыру орындарындағы өлім жағдайларын тергеудің тәуелсіз әрі тиімді тетігін мүмкіндігінше тез енгізуге шақырады. #notorture #26June #азаптауғаЖоқ #26маусым
Сергей Григорьев
2011 жылғы 12 қазанда Балқаштағы АК-159/21 колониясында сотталған Сергей Григорьев қайтыс болды. Оның анасы Лариса Григорьева ұлының қазасын тек 15 қазан күні кешке білген. Әйелге мәйітханадан ұлының денесін беруден бас тартқан, тек дау көтерген соң ғана медициналық куәландырусыз және өлімі туралы қорытындысыз денесін алған. Лариса Григорьеваның айтуынша, ұлының денесінде соққы және ит тістеген іздер болған. Алайда түрме бастығы Қыстаубаев оның табиғи себеппен қайтыс болғанын, ал мәйіт туыстарына келген бойда берілгенін айтқан. Сергей Григорьевтің өлімі үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы анасы Лариса Григорьеваға және жақын адамынан айырылған Сергей Григорьевтің барлық туысына көңіл айтады.
Коалиция Қазақстан үкіметінен азаптау деректерін тергеп, Сергей Григорьевтің өліміне кінәлі барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.


