Жарияланымдар

Қостанай облысында емізулі ананы азаптау ісі бойынша екі полиция подполковнигі сотталды

2 мин чтения

Қостанай облысының Қарабалық аудандық соты Қарабалық аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасарлары Амантай Ағайдаров пен Жангелді Әкіновке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жариялады.

Бұрынғы лауазымды тұлғалар «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» және «Жалған айғақ беруге пара беру» баптары бойынша сотталды. Ағайдаров пен Әкінов «полиция подполковнигі» арнаулы атағынан айырылып, сот залында қамауға алынды.

Еске салайық, 2016 жылғы 14 сәуірде Есенкөл ауылдық округінің Лесное ауылындағы полиция тірек пунктінде болған кезде Ағайдаров пен Әкінов қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын қадағаламағаны үшін тәртіптік және басқа да жауапкершілікке тартылудан қорқып, Сәрсембаев пен Төлегеновті қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға тырысқан. Олар жәбірленуші Любовь Дорошенко мен оның анасына полицейлерге қатысты айғақтарын өзгерткені үшін 100 мың теңге берген.

Сот үкімімен Ағайдаров пен Әкінов кінәлі деп танылды.

«Екеуіне де мүлкі тәркіленіп, жалпы режимдегі колонияда өтеу үшін 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында билік өкілінің міндеттерін, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын лауазымдарды өмір бойына иелену құқығынан айырылды. Амантай Ағайдаров пен Жангелді Әкінов те „полиция подполковнигі“ арнаулы атағынан айырылды», — делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қарабалық аудандық соты жас әйелді азаптады деп айыпталған екі полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарғаны хабарланған. Сәрсембаев пен Төлегенов кінәлі деп танылды. Сәрсембаевқа мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында үш жыл қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол полиция аға лейтенанты атағынан да айырылды. Төлегеновке сондай шектеумен үш жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, полиция майоры атағынан айырылды.

ДЕРЕККӨЗ:http://newtimes.kz/chelovek-i-zakon/item/47309-dva-podpolkovnika-osuzhdeny-po-delu-o-pytkakh-nad-kormyashchej-materyu-v-kostanajskoj-oblasti

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы