Сот сотталған адамның ұстау жағдайларына қатысты басқа соттың шешімін орындау жөніндегі шағымын қанағаттандырмады. Бондо Стуруаны жеке камерада ұстауды өте тосын себептермен түсіндірді.
Бұған дейін жеке камерада отырған тұтқын Бондо Стуруаның оқиғасы қалай аяқталатынын хабарлауға уәде еткен едік (қараңыз: «Тек бостандықтан ғана айырылмайсың», «Бес жыл жалғыздық»).
2019 жылғы 29 тамызда Қостанай қаласының № 2 соты Бондо Стуруа мен оның адвокаттарының 2019 жылғы 23 тамыздағы үкімнің ұстау режиміне қатысты бөлігін орындамауға байланысты лауазымды адамдардың әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Іске қатысқан прокурор заңдылықты сақтау жағын ұстанды, өйткені прокуратура бұрын заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізген. Алайда ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің өкілдері шағымды қанағаттандырмауды, яғни сот шешімін орындамауды талап етті. Олар жалғыз ұстау сотталған адамға, оның ішінде психикасына еш әсер етпейтінін және «азаптау» ұғымына жатпайтынын айтты.
ҚАЖ комитетінің өкілдері мемлекеттік құпиясы бар дәлелдер ұсынылғанын да мәлімдеді. Сол материалдарды зерделеген судья Бондо Стуруаны аралас үлгідегі мекеменің оқшауланған учаскесінде ұстау негізді деген тұжырым жасады.
Неліктен ол жалғыз ұсталады? Қылмыстық-атқару жүйесі өкілдері мұны, біріншіден, оның азаматтығы жоқтығымен, екіншіден, басқа сотталғандармен қақтығыстары болғанымен түсіндірді. Өзінің де, басқа сотталғандардың да қауіпсіздігі үшін оның камерасына әзірге ешкімді орналастыра алмайтындарын айтты.
Адвокаттар бұл шешіммен келіспейді және шағымдануға ниетті.
Адам құқықтары жөніндегі бюроның Қостанай филиалы халықаралық құқық қорғау тетіктеріне жүгінуді жоспарлап отыр.
ДЕРЕККӨЗ:https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/vo_imya_vseobshei_bezopasnosti/

