Астана. 24 наурыз. ҚазТАГ — Әлеуметтік желілерде сотталғандардың бейнеүндеуі тарағаннан кейін Алматы облысындағы түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушыны қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлады Қазақстан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі.
Facebook пен YouTube желілерінде Алматы облысы ҚАЖ департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде (ЛА-158/14) жазасын өтеп жатқан К. Мұханов, А. Шүнкей және Г. Қошқарбаевтың мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері болуы мүмкін екені туралы бейнеүндеулері жарияланды.
ҚАЖ комитетінің мәлімдеуінше, Қошқарбаевтан басқа аталған сотталғандар бұрын қатаң ұстау жағдайында жүргенде қызметкерге бағынбай, дене жарақатын салған. Осыған байланысты келген жасақ арнайы құралдар қолданып, оларды ұстап, тәртіптік изоляторға қамаған.
«Аталған адамдар тәртіпті өрескел бұзушылар болып табылады. Бейнежазбада сотталғандар жарақаттарын көрсетіп, өздерінің теріс әрекеттері үшін жауапкершіліктен құтылу мақсатында қоғам назарын аударуға тырысады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ҚАЖК дерегінше, Қошқарбаев мекемеде тінту жүргізілуіне қарсылық білдіріп, өзіне дене жарақатын салған.
Комитет аталған барлық фактілер бойынша Алматы облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
«ҚАЖК өзіндік қауіпсіздік басқармасы мекеме қызметкерлері мен сотталғандардың заңсыз әрекеттері, сондай-ақ мекемеге ұялы телефондардың өткізілуі бойынша қызметтік тергеу жүргізді. Оның қорытындысы бойынша сегіз қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде мекеме бастығының міндетін атқарушыны қызметінен босату ұсынылды», — деді комитет өкілдері.

