Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау құрбандарының оқиғаларын жариялауды жалғастырып келеді. Бұл акция 26 маусымда атап өтілетін Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күніне арналған. Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау салдарынан жақындарынан айырылғандардың барлығына, сондай-ақ азаптау туралы арыздары тиімді тергелмей, әділдікке қол жеткізе алмай өмірден өткен адамдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады. Коалиция Қазақстан үкіметін азаптау туралы барлық арыздар мен бас бостандығынан айыру орындарындағы өлім-жітім фактілерін тергеудің тәуелсіз әрі тиімді тетігін мүмкіндігінше тезірек енгізуге шақырады.
Дмитрий Ракишев
31 жастағы Дмитрий Ракишев 2011 жылғы 8 мамырда Степногорск қаласының уақытша ұстау изоляторындағы №2 камерадан өлі табылды. Ол ұрлық жасады деген күдікпен 29 сәуірде осы жерге қамалған еді. 7 мамырда Дмитрийді жедел жәрдем көлігімен қалалық ауруханаға апарып, сол күні қайтадан изоляторға жеткізген. Туыстарының пікірінше, полиция қызметкерлері дәрігерлерге оның денесіндегі жарақаттарды толық сипаттауға кедергі келтіріп, Дмитрий Ракишевті емдеу үшін ауруханада қалдыруға рұқсат бермеген. Марқұмның әкесі Әкім Ракишев алған сот-медициналық сараптама қорытындысында өлім себебі екіжақты өкпе қабынуы және «туберкулез болуы мүмкін» деп көрсетілген. Сонымен қатар оның екі қабырғасының жабық сынғаны тіркелген. Мекеме қызметкерлері Дмитрий бұл жарақаттарды «кереуеттен құлаған кезде» алған деп мәлімдеген. Бұған дейін Дмитрий өзін азаптағаны туралы шағым түсірген, бірақ шағым қараусыз қалған. 2012 жылғы 7 қыркүйекте Степногорск соты уақытша ұстау изоляторының бұрынғы бастығын «салғырттық» үшін кінәлі деп тауып, рақымшылық қолдана отырып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Дмитрийге қажетті медициналық көмек көрсетпеген медицина қызметкерлеріне қатысты сот міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы жеке қаулы шығарумен ғана шектелген.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы жақын адамынан айырылған Дмитрий Ракишевтің туыстарына көңіл айтады.
Коалиция Қазақстан үкіметінен азаптау фактілерін тергеуді және Дмитрий Ракишевтің өліміне кінәлі барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.


