26 маусым — Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күні. Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау салдарынан жақындарынан айырылғандардың барлығына, сондай-ақ арыздары тиімді тергелмей, әділдікке қол жеткізбей қайтыс болғандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады. Коалиция Қазақстан үкіметін азаптау туралы барлық арыздарды және бас бостандығынан айыру орындарындағы өлім фактілерін тергеудің тәуелсіз әрі тиімді тетігін мүмкіндігінше тез енгізуге шақырады. #notorture #26June #пыткамнет #26июня
Евгений Тугулев
2015 жылғы 27 мамырда Рудный қаласының тұрғыны Евгений Тугулев ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілген, кейін Қостанай тергеу изоляторына ауыстырылған. 1 маусымда оның бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзуы туралы сот отырысы өтуге тиіс еді. Алайда сол күні кешке пробация қызметінің инспекторы оның әпкесі Любовь Чижге қоңырау шалып, Евгений қайтыс болғандықтан отырыс өтпегенін хабарлаған. Мәйітті зерттеу қорытындысы бойынша Евгенийдің екі қабырғасы сынған, денесінде қанталаған іздер болған, сондай-ақ ол ұзақ уақыт тамақ ішпеген және су ішпеген. Ресми өлім себебі — кеуде қуысы мен бел аймағының доғал жарақатынан туындаған жедел жүрек-өкпе жеткіліксіздігі. Дегенмен сараптамалардың қорытындылары бір-біріне қайшы келгендіктен, дене жарақаттары нақты қашан салынғанын анықтау қиын. Тергеу изоляторында Евгений кеудесі ауыратынын айтып, жарақат пунктіне екі рет барған, бірақ әр жолы қайтадан камераға жеткізілген. Любовь Чиждің айтуынша, бұған дейін, 2015 жылғы 2 мамырда, азаматтық киімдегі үш полицей Евгенийді үйінің ауласынан көлікке отырғызып, Тобыл өзенінің жағасына апарып қатты ұрған. Кейін Рудный қаласындағы жарақат пунктінің қызметкерлері Тугулевтің «бел аймағындағы жұмсақ тіндердің соғылуын және сол жақ бесінші қабырғаның жабық сынуын» тіркеген. Жігіттің өліміне қатысты тергеу қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы жақынын жоғалтқан әпкесі Любовь Чижге көңіл айтады.
Коалиция Қазақстан үкіметінен азаптау фактілерін тергеуді және Евгений Тугулевтің өліміне кінәлі барлық адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.


