Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы 20 маусымнан бастап айдың соңына дейін азаптау құрбандарының оқиғаларын жариялайды. Олардың барлығы лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан көз жұмған. Бұл акция 26 маусымда атап өтілетін Азаптау құрбандарын қолдаудың халықаралық күніне арналған.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы азаптау салдарынан жақындарынан айырылғандардың барлығына, сондай-ақ азаптау туралы арыздары тиімді тергелмей өмірден өткен адамдардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады. Коалиция Қазақстан үкіметін азаптау туралы барлық арыздар мен бас бостандығынан айыру орындарындағы өлім фактілерін тергеудің тәуелсіз әрі тиімді тетігін мүмкіндігінше тез енгізуге шақырады. #notorture #26June #пыткамнет #26июня
Расим Байрамов
Расим Байрамов 33 жасында Қостанай облысының Рудный қаласында сегіз жылдан астам әділдік үшін күрескеннен кейін қайтыс болды. 2008 жылғы 17 шілдеде полицейлер Байрамовты үйінің маңында ұрлық жасады деген күдікпен ұстаған. Мойындау айғақтарын алу үшін оны Рудный қалалық ішкі істер басқармасында азаптаған: бүкіл денесінен теуіп, соққыға жыққан, дәлізбен шашынан сүйреген және сексуалдық зорлықпен қорқытқан, түнде ұйықтатпаған, екі күн тамақ пен су бермеген. Расим мен анасы Наталья Байрамова бірнеше рет полиция мен прокуратураға шағымданған, бірақ азаптау фактісі тиімді тергелмеген. Ал Расим ұрлық жасады деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырылған. Түрмедегі жағдай төзгісіз болған, Расим қатты ауырып қалған. Анасы болмағанда аман қалмас еді. Әділетсіздік сезімі оны үнемі қинаған.
2011 жылғы мамырда Байрамов Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Қостанай филиалының қолдауымен БҰҰ Азаптауға қарсы комитетіне жүгінген. Үш жылдан кейін комитет оның азаптау құрбаны болғанын мойындап, Қазақстанды шеккен зардабы үшін өтемақы төлеуге және азаптаған адамдарды жауапқа тартуға міндеттеген. Тірі кезінде Байрамовқа төленген өтемақы небәрі 100 мың теңге болды, ал азаптауға кінәлі адамдар сол күйі жазаланбаған.
Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы қымбат жақынын жоғалтқан Расим Байрамовтың анасы Наталья Байрамоваға, әпкесі Лианаға және әжесіне көңіл айтады.
Коалиция Қазақстан үкіметінен азаптау фактілерін тергеуді және Байрамовқа қатысты азаптау арқылы алынған дәлелдерге сүйенген қылмыстық істі қайта қарауды талап етеді.


