Істі Қазақстанның көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеп жатыр.
ҚТЖ-Жүк тасымалы АҚ Қостанай филиалының бас инженері Лев Жуков көлік прокуратурасының арнайы прокуратурасына қызметкерлердің үстінен арыз түсірген. Оның пікірінше, ұсталған кезде өзіне дәрі-дәрмек бермеу және Гашек көшесіндегі ғимараттың кабинеттерінде ұстау арқылы азаптау жасалған. Жуков қант диабетімен ауырады.
— Жуков күндізгі сағат 12:30-да ұсталып, кешкі 22:30-да мойындау жауабын берген. Осы уақыттың бәрінде дәрілеріне қол жеткізе алмады, ал дәрі-дәрмегі көлігінде тұрған. Оған су да бермеген. Қант диабеті бар адам үшін мұның қандай екенін елестетесіз бе? Мұның бәрін тек жауап бергеннен кейін алған, — дейді Жуковтың адвокаты Илья Васильев.
Еске салайық, Лев Жуковқа ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлігі (елеулі мөлшерде пара алу) бойынша айып тағылған. Сотқа жолданған іс материалдарына сәйкес, ол кәсіпкер Темірбаевтан оның кәсіпкерлік қызметіне жалпы қамқорлық жасағаны үшін 500 мың теңге пара беруді сұраған. Кейін Темірбаев Жуковты қылмыстық жауапқа тарту туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жазбаша арыз түсірген.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сол жылғы 27 шілдеде сағат 13:00 шамасында Қостанай қаласының Мәуленов көшесіндегі үйлердің біріне іргелес аумақта Жуков қасақана, пайдакүнемдік ниетпен және әрекетінің заңға қайшы екенін біле тұра Темірбаевтан 500 мың теңге көлемінде пара алған, содан кейін Қостанай облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлері оны қылмыс үстінде ұстаған.
— Мұның пара болған-болмағанын сот анықтайды, — дейді Илья Васильев. — Шын мәнінде Темірбаев пен Жуков бұрыннан бірін-бірі таниды, бірге жұмыс істеген. Бұл Темірбаев төрт жылдан кейін қайтарған қарыз болатын.
Васильевтің ойынша, физикалық және психологиялық қысым астында, өмірін сақтап қалудан басқа амалы қалмаған жағдайда берілген жауап айыптаудың негізіне алынбауы тиіс. Қазір азаптау ісі бойынша Қостанайдағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро филиалының төрт қызметкері тексеріліп жатыр.
— Әзірге бұл іске түсініктеме бермейміз, — деді телефон арқылы көлік прокуратурасының қызметкері Жандос Жантөреев. — Бірақ іс бар, тергеу жүріп жатыр.
ДЕРЕККӨЗ:
http://top-news.kz/index.php?np=00018739&nl=1&tp=N&MWp=&AWp=&Wp=1&Kd=84073487

