Астана қаласы ІІД криминалдық полициясы бастығының орынбасары Сәкен Сүлейменовтің ісін арнайы прокурор тергеп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында Today.kz сайтына хабарлады.
Полиция полковнигі сотталушының арызынан кейін қамауға алынды.
«Астана қаласы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы сотталушының Сүлейменов өзіне азаптау жасады деген арызы бойынша қылмыстық іс қозғады, сот оны қамауға алуға санкция берді», — деп хабарлады ҚР ІІМ.
Полиция мәліметінше, қылмыстық іс Астана прокуратурасының өндірісінде.
«Қазіргі уақытта Сүлейменовке қатысты іс бойынша тергеу жалғасуда, заңды процестік шешім қабылдауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп растады Астана прокуратурасы Today.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында.
Қадағалау органы іс бойынша өзге мәліметтерді ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жариялауға болмайтынын атап өтті. Бұл қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын бұзбау қажеттігіне байланысты.
Қамауға алынған жоғары лауазымды полиция қызметкері әлі де құқық қорғау органдарының қызметкері болып есептеледі.
«Астана қаласының Ішкі істер департаменті Сүлейменовтің ішкі істер органдарында одан әрі қызмет ету мәселесін қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданғаннан кейін қарауға шешім қабылдады», — деп хабарлады ІІМ редакцияға.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер Сәкен Сүлейменовтің тергеу кезінде жұмыстан шеттетілгенін, бірақ қызметтен босатылмағанын нақтылады.
Криминалдық полиция басшысының орынбасары бірнеше рет азаптау жасады деген күдікке ілінді
Еске салайық, 8 қыркүйекте Астана ІІД-нің жоғары лауазымды қызметкерінің ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы күштік құрылымдардағы екі хабардар дереккөз хабарлаған. 9 қыркүйекте қала прокуратурасы Сүлейменовтің ұсталғанын растады және сот оны он тәулікке қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялағанын мәлімдеді.
20 қыркүйекте Есіл ауданының №2 аудандық сотының шешімімен Астана ІІД криминалдық полициясы бастығының орынбасары 2016 жылғы 7 қарашаға дейін екі айға қамауға алынды. Сәкен Сүлейменов ҚР ҚК 146-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында көзделген «бірнеше рет жасалған азаптау» қылмыстық құқық бұзушылығын жасады деген күдікке ілінген.

