Қаза тапқан азаматтың ұлы әкесін қылмыстық қудалау заңсыз болғанын мәлімдеді.
Пара алды деген күдікке ілініп, кейін қаза тапқан «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Алматы филиалының директоры Сейілхан МҰХАМАДИЕВТІҢ ұлы Мұхит МҰХАМАДИЕВ әкесін Ұлттық бюро қызметкерлері заңсыз ұстағанын айтады.
Еске салайық, 3 ақпанда Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің ғимаратында қайғылы оқиға болды: ұсталған Сейілхан Мұхамадиев таңертең төртінші қабаттың терезесінен құлап қаза тапқан.
Марқұмның ұлының айтуынша, Ұлттық бюро қызметкерлері әкесін ұстаған 2018 жылғы 2 ақпанда ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мәлімдегендей «Қазсушар» филиалының директоры болмаған, өйткені 31 қаңтарда ресми түрде зейнетке шыққан.
– Ақша берілген сәтте ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабында көзделген қылмыстың субъектісі болмаған. Демек, оны ұстауға құқықтары жоқ еді. Содан кейін түнде жауап алып, түнде тінту жүргізген, түні бойы ұйықтатпаған. БҰҰ аясында бұл азаптау деп танылады, ұйқыдан айыру деп аталады. Ал таңертең әкемнің мәйітін алдым. (…) Түні бойы шұғыл деген желеумен тергеу әрекеттерін жүргізген. Ол терроризмге, адам ұрлауға немесе аса қауіпті қоғамдық әрекетке күдікті болмаған. Оны түні бойы неге қинау қажет болды? – дейді Мұхит Мұхамадиев.
Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы кінәсіздік презумпциясын бұзды деп есептейді.
– Ұлттық бюроның сотқа дейінгі тергеу материалдарын жариялап, әкем Сейілхан Мұхамадиевті парақор, жемқор деп таныған және әлі күнге дейін «Қазсушардың» Алматы филиалының директоры деп көрсеткен баспасөз хабарламасына таңғаламын. (…) Онда ол 400 мың теңгемен қолға түсті деп жазылған. Ал меніңше, ол бұл ақшаны өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде, кеңес беру қызметі үшін табуға ниеттенген немесе біреу оны арандатқан. Нақты жауабын айта алмаймын, өйткені адамды тірілту мүмкін емес, – деді Мұхит Мұхамадиев.
Әкесінің өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқа оған үлкен күмән туғызады.
Ол Алматы облысы Ішкі істер департаментіне арыз берген.
– ІІД-ге арыз жазып, кінәлілерді «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу», «Билікті асыра пайдалану», «Азаптау» баптары бойынша заңға сай қудалауды сұрадым. Қазір сараптамалар жүріп жатыр. Шешім екі айдай уақыттан кейін шығатын шығар, – деді Мұхит Мұхамадиев.
Пара туралы істе ол әкесінің қорғаушысы ретінде қатысып жүр.
– Мен әкемнің кінәсіздігін дәлелдеуге бел будым. Оның мүддесін қорғаймын. Егер сотта олар мүмкін емес нәрсені, зейнеткердің 366-бап («Пара алу» – автор) субъектісі болғанын дәлелдесе, бұл қисынсыз жағдай болады, – деді Мұхит Мұхамадиев.
ДЕРЕККӨЗ:
Ratel.kz
http://www.ratel.kz/raw/gibel_podozrevaemogo_v_natsbjuro_vyzvala_voprosy

