Жарияланымдар

Үнсіздік аймағы

2 мин чтения

Бұл төтенше оқиға болғанына екі айға жуықтаса да, өлім дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған қарағандылық полиция да, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) қызметкерлері де қандай да бір мәлімет жариялауға асығар емес.

Сенімді дереккөздерден білгеніміздей, 2017 жылғы 19 наурызда №41 колонияда сотталған адам аяусыз соққыға жығылған. Қан кетіп жатқан оны арнайы көлікпен Шахтинск қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізген, бірақ ол сол жерде қайтыс болған. Жергілікті құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған, оқиға үшін жауапкершілікті колониядағы сотталғандардың бірі өз мойнына алған.

Алайда түрме ішіндегі қарым-қатынасты білетін адамдар мұндай қатыгездікті тіпті тәжірибелі сотталған адамның да жалғыз өзі жасай алмайтынын айтады. Оның үстіне колонияда әр сотталған адам тәулік бойы бақылауда болады, ал олардың арасындағы кикілжің туралы мекеменің режим және жедел бөлімдеріне бірден хабар беріледі. Бұл бөлімдердің қызметкерлері мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жалақы алады. Тіпті олар оқиғаны байқамай қалды десек, онда неге олардың тікелей бастығы — колония бастығының режимдік-жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Бауырбек Шотаев кадр резервіне шығарылды?

Бұл сұрақты телефон арқылы ҚАЖК баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасеновке қойдым. Оның жауабы мынадай болды:

— Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атына ресми сұрау жіберіңіз. Қазір бізде тәртіп осындай…

ІІМ басшысы барлық маңызды мемлекеттік істі ысырып қойып, колониядағы төтенше оқиғаны өзі тергейді деу қиын — ол үшін ҚАЖК бар. Оның үстіне қылмыстық-атқару жүйесіндегі жаңа «тәртіп» осы құрылым басшылары журналистер мен шетелдік және қазақстандық құқық қорғаушылар алдында биік мінберлерден бірнеше рет айтқан «жүйенің ашық қызметі мен басшыларының қолжетімділігі» туралы сөздеріне мүлде сәйкес келмейді.

Мысалы, ҚАЖК-нің бұрынғы төрағасы Бауыржан Бердалин біздің басылымға сұхбат бергенде өзіне хабарласуға болатынын және тәртіп орнатуға ниетті екенін ерекше ықыласпен айтқан. Сөзінің дәлелі ретінде ол кез келген төтенше оқиға бойынша күндіз-түні қоңырау шалуды өтініп, жеке ұялы телефонының нөмірін де берді. Қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі басшысы Азамат Базылбеков құқық қорғаушылармен кездесулердің бірінде «Время» газетінің бетінде тікенекті сымның ар жағындағы өмір туралы бар шындықты айтамын деп уәде берген еді. Бірақ содан бері үнсіз.

Ендеше Қалмұханбет Нұрмұханбетұлын министрлік міндеттерінен алаңдатпай-ақ қояйық. Оның ҚАЖК-ге жетекшілік ететін орынбасары Берік Бисенқұлов бар. Азамат Базылбековтің өзі де бар. Бисенқұлов пен Базылбеков мырзалардан осы жарияланымды ресми сұрау деп қабылдауды сұраймыз.

ДЕРЕККӨЗ:
Басылым — «Время»
www.time.kz/articles/territory/2017/05/17/zona-molchanija 

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы