Жарияланымдар

Жанболат Мамай тергеу изоляторындағы қауіпсіз орынға ауыстырылды — ҰПМ

Алматыдағы тергеу изоляторында журналист Жанболат Мамайға қатыгез қарым-қатынас жасалғаны туралы ақпарат расталды. Тексеру нәтижесінде осындай қорытындыға Азаптаудың алдын алу жөні

2 мин чтения

Алматыдағы тергеу изоляторында журналист Жанболат Мамайға қатыгез қарым-қатынас жасалғаны туралы ақпарат расталды. Тексеру нәтижесінде осындай қорытындыға Азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық превентивтік механизмнің (ҰПМ) қатысушылары келді, деп хабарлады ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің баспасөз қызметі.

«Жанболат Мамайдың өзімен, осы мекемедегі басқа адамдармен, сондай-ақ адвокат Ж. Е. Балғабаевамен әңгімелесу нәтижесінде аталған тергеу изоляторында қамауда отырған адамның жеке қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегені анықталды. Атап айтқанда, ол бір камерада отырған, бұған дейін бірнеше рет сотталған адамдар тарапынан психологиялық және физикалық қысымға ұшыраған», — делінген Уәкілдің баспасөз қызметінің ақпаратында.

ҰПМ қатысушылары Жанболат Мамайдың адвокаты қорғауындағы адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауды сұрап, мекеме әкімшілігіне жүгінгенін анықтады. Алайда қажетті шаралар қабылданбаған.

«2015 жылғы 21 мамырда БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 24-сессиясында қабылданған Мандела қағидаларына (БҰҰ-ның сотталғандармен қарым-қатынас жөніндегі халықаралық стандарттары) сәйкес, тұтқындардың қорғалуы мен қауіпсіздігі тұрақты қамтамасыз етілуге, олар азаптау мен қатыгез қарым-қатынастан қорғалуға тиіс. Бұрын сотталмаған адамдар бұрын сотталғандардан бөлек ұсталуы керек. Мұндай талаптар күдіктілер мен айыпталушыларды жеке ерекшеліктері және психологиялық үйлесімділігі бойынша бөлек орналастыруды, соның ішінде өзге күдіктілер мен айыпталушылар тарапынан өмірі мен денсаулығына қауіп төнген адамдарды бөлек ұстауды реттейтін ұлттық заңнамада да қарастырылған», — деп түсіндірді Уәкілдің баспасөз қызметі.

Жанболат Мамайдың өзінің айтуынша, қамауда ұстау жағдайларына, тамақтануға және медициналық көмекке қатысты өзге шағымы жоқ.

ҰПМ қатысушылары тергеу изоляторына бару қорытындысы мен әкімшілікке берген ұсынымдарында Мамайдың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ мекемедегі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп кімнен төнсе де, осындай қатыгез қарым-қатынас фактілеріне жол бермеу шараларын қабылдауды талап етті. Бұған қоса ҰПМ қатысушылары Мамайдың қауіпсіз орынға ауыстырылғанына көз жеткізгенге дейін тергеу изоляторынан шықпады.

«Арнайы превентивтік бару туралы есеп анықталған фактілерді кідіріссіз тергеп, кінәлі адамдарды, оның ішінде лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту шараларын қабылдау үшін прокуратура органдарына жіберіледі», — деп хабарлады ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің баспасөз қызметі.

ДЕРЕККӨЗ:
https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/janbolata-mamaya-pereveli-v-bezopasnoe-mesto-v-sizo-npm-312889/

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы