Жарияланымдар

Іс жоқ болса, тергеу де жоқ

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев ұлы Маратқа полицейлердің азаптау қолдануын тергеуді қайта бастау туралы жүзден астам нұсқау берілг

2 мин чтения

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев ұлы Маратқа полицейлердің азаптау қолдануын тергеуді қайта бастау туралы жүзден астам нұсқау берілгенін айтады. Бірақ олардың бірде-бірі орындалмаған.

Марат 2015 жылғы қазанда, полицейлерден таяқ жегенінен кейін тоғыз күн өткен соң қамауға алынып, кейін өзіне тағылған кісі өлтіру айыбы бойынша 18 жылға сотталған (қараңыз: «Адам табылса, іс те табылады»). Ал амалсыз өз бетінше тергеу жүргізуге кіріскен әкесі жас жігітке қарсы іс қозғалуы оның бұрынғы қорлаулар туралы шағымы үшін полицейлердің кек алуы болғанын айтады және мұны дәлелдеуге тырысып жүр. Оның айтуынша, ешқандай салмақты дәлел келтірілмеген. Айыптау психикалық денсаулығында елеулі проблемалары бар жас жігіттің және бірнеше оралман куәнің сөздеріне негізделген. Орыс тілін мүлдем білмейтін бұл куәлар әлдебір жолмен орысша жауап берген болып шыққан, ал бұл жайт анықталғанда олардың айғақтарынан бас тартылған.

Прокуратура, Парламент депутаттары, Президент әкімшілігі… Сайлау Әжімолдаев ұлын 18 жылға темір торға жіберген қылмыстық іс қозғалғанға дейінгі азаптау фактісін қайта тергеуді талап етіп, хат жолдамаған жері қалмады.

— Небәрі үш айдың ішінде Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры 27 нұсқау алды. Облыс прокуроры азаптау туралы істі жабу шешімінің күшін үш рет жойды (Ред.). Бұл мәңгі жалғаса бере ме? — деп таңданады Әжімолдаев.

«Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының қызметкері Е. Құсайынов қылмыстық істі тергеуге беруден бас тартып отыр. 2016 жылғы 12 желтоқсанда Е. Құсайынов істің А. Қожашевке (тергеушіге — Ред.) берілгенін өзі хабарлаған», — деп жазды С. Әжімолдаев ҚР Президентіне жолдаған өтінішінде.

Алайда 15 желтоқсанда Құсайынов қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеп, істі тоқтату туралы қаулыны қол қою үшін аудан прокурорына берген.

Ал облыстық прокуратура Сайлауға басқа мәлімет ұсынған: Құсайынов азаматтық істерге ауыстырылғандықтан, бұл істен шеттетілген және онымен айналысуға мүлдем құқығы болмаған.

— Іс қайда? Іс жоқ, міне, бос папка… — деп Сайлау аудан прокуратурасының қызметкерімен соңғы әңгімесін жеткізді.

Бірақ Сайлаудың өзінде істің барлық материалдарының көшірмелері сақталған: полицейлердің аты-жөндері, куәлардың айғақтары, жас жігіттің жағдайының сипаттамасы бар. Оның айтуынша, олар ұлына зорлық жасалғанын көрсетеді.

Сотталған адамның әкесі аудандық полиция бөліміне тағы бір барғанында, қызметкер әйелдердің бірі оны «жұбатып», әлгі полицейлер рақымшылыққа ілігіп кеткенін айтқан. Сайлау Әжімолдаев мұның қалай мүмкін екенін түсінбейді: прокуратурада оған істің тоқтатылғанын, ал материалдар белгісіз жаққа жоғалғанын хабарлаған еді.

Қаңтардың басында Сайлау Әжімолдаев «шындық іздеп» Астанаға өзі баруға шешім қабылдаған. Бұл жолы да нәтижеге жете алмаса, әділдік орнағанша тоқтамаймын дейді. Оған қалай қол жеткізетіні — басқа мәселе.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы