Ер адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті ғимаратының төртінші қабатынан құлаған. Өңірлік сот медицинасы институтының сарапшылары оның үстінде тек водолазка болып, аяқкиімсіз жүргенін айтады.
«Қазсушар» кәсіпорны Алматы филиалының бұрынғы басшысы, 64 жастағы Сейілхан Мұхамадиев өткен жұмада, 2 ақпанда, Талдықорғанда қайтыс болды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті ғимаратының төртінші қабатынан құлаған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады. Облыстық сот медицинасы институты сарапшыларының мәліметінше, оның үстінде тек водолазка болған, аяқкиімі болмаған.
— Мұхамадиевтің мәйіті Алматы облысы сот сараптамасы институтына зерттеуге сағат 13:25-те жеткізілді. Жарақаттар биіктіктен құлауға тән. Сыртқы жарақаттар аз, ал ішкі ағзалар мен сүйек қаңқасының зақымдануы өте ауыр. Оқиға орнына өзім барып, сол кабинеттен бастап бәрін мұқият қарап шықтым. Ол жерде медициналық көмек көрсету туралы сөз болуы мүмкін емес еді, өйткені жарақаттар өмірмен үйлеспейтін, — деді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі сот медицинасы институты басшысының орынбасары Арман Айтбаев.
Арман Айтбаевтың айтуынша, Сейілхан Мұхамадиевті сол күні таңғы сағат бесте ұлттық бюро қызметкерлері ұстаған кезде медициналық куәландыруға да әкелген. Ол кезде ер адам сау, денесінде жарақат жоқ болып көрінген. Ал тоғыз сағаттан кейін институтқа оның мәйіті жеткізілген.
Бұл трагедия Азаптауға қарсы коалиция мүшелерінің көп сұрағын туғызды. Құқық қорғаушылардың пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес органдары оқиғаның егжей-тегжейін жариялап, адамның өлімінің себептерін қоғамға түсіндіруге міндетті.
— Бұл жағдайда адам мемлекеттік мекеменің аумағында қайтыс болғандықтан, барлық дәлелдеу міндеті осы мекемеге жүктелуі тиіс дер едім. Қазір сұрақ көп. Адам не үшін ұсталып, 3 сағаттан астам уақыт осы мекеменің ішінде болды? Оған адвокат берілді ме? Адвокат неге қорғауындағы адамды қалдырып кетті? Неге ол анықтаушының кабинетінде болды, ал процестік тұлға тергеуші болып, белгілі бір әрекеттерді жүргізуі тиіс еді? — деп сұрайды Азаптауға қарсы коалиция мүшесі Виктор Тен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми парақшасында 29.04.1953 жылы туған С. М. Мұхамадиевті жедел қызметкерлер 2018 жылғы 2 ақпанда ұстағаны хабарланған. Ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасады деген күдікке ілінген.
Марқұм соңғы жылдары «Қазсушар» кәсіпорнының Алматы облыстық филиалын басқарған. Өңірде Қызылағаш бөгетін салу және суару желілерін қалпына келтіру сияқты миллиардтаған теңгелік жобаларды қадағалаған. Оны 5 ақпанда Ақсу ауданы Жансүгіров кентінде жерледі.

