Оралда психоневрологиялық диспансердің 16 жастағы пациентін ұрып-соғу ісінің мән-жайы әлі анықталып жатыр.
Ratel.kz биылғы көктемде осы сұмдық оқиға туралы жазған.
Еске салайық, 2017 жылдың басында Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданындағы Көшім ауылында орналасқан Көшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесінің қызметкерлері тағы бір даудың ортасында қалды: олар мүгедектігі бар жасөспірімді ұрып-соқты деп айыпталды.
Ақтөбелік 16 жастағы Әміржанды интернатқа 2016 жылы орналастырған.
Баланың анасы интернатқа демеушілік көмек көрсетіп, кейде дәрі-дәрмек те сатып алып тұрған кезде мәселе болмаған.
Кезекті сапарында анасы балаларға сапасыз тамақ берілетінін байқағаннан кейін жанжал басталды.
Әртүрлі мекемелерге жіберген шағым хаттары интернат медицина қызметкерлері мен әйел арасындағы қарым-қатынасты одан сайын ушықтырды.
Негізгі жанжал анасы баласын демалысқа алып кету үшін күтпеген жерден келгенде шықты: ол ұлының денесінен көгерген іздер мен сызаттарды көрген. Оның үстіне жасөспірімді ұзақ уақыт шомылдырмағандықтан, денесін жара басқан.
Әйел дереу дәрігерлерді шақырған, ал Ақтөбедегі сот сарапшылары кейін мүгедектігі бар баланың жарақаттарды интернатта жүргенде алғанын растаған.
Құқық қорғау органдарына арыз берілген соң 2017 жылғы сәуірде сотқа дейінгі тергеу басталды.
Алайда Әміржанның отбасының адвокаты Айгүл ОРЫНБЕКОВА интернат қызметкерлерінің әрекетіне берілген құқықтық бағаға келіспейтінін айтты. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 317-бабы 1-бөлігі — «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша қозғалған. Адвокаттың пікірінше, олардың әрекетін ауырлау бап бойынша саралау қажет.

Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылған. Осы кезеңде ананың интернат қызметкерлері санитариялық және тамақтандыру нормаларын бұзды деген шағымдары расталған.
Сол үшін мекеме директоры Кемел СӘДБЕКОВ әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алған және 45 мың теңге айыппұл төлеген.

Сонымен қатар Зеленов аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы аудан прокуроры Закария САРАЛЕЕВТЕН істі белсендірек тергеу туралы нұсқау алған: «қылмыстық іс бойынша жұмыс қарқынды жүргізілмейді…, тергеу іс-шаралары толық көлемде орындалмайды».
Ақыры шілдеде Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы аудандық ішкі істер бөліміне тергеуді Қылмыстық кодекстің неғұрлым ауыр 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «Қинау» бойынша жүргізуді тапсырған.
Бірақ тергеу тағы да баяулап, Әміржанның анасы тергеушілердің әрекетсіздігі туралы прокуратураға қайта-қайта шағым жазған.
Ақырында қыркүйектің соңында тергеу қайта жанданды.
— Бізде жаңа тергеуші бар. Менен, отбасымыздың мүшелерінен, ұрып-соғу фактісін тіркеген жедел жәрдем дәрігерлерінен және сарапшылардан қайта жауап алды. Интернат басшыларымен жаңа беттестірулер жоспарланып отыр, — деп хабарлады ол Ratel.kz-ке.
ДЕРЕККӨЗ:
Ratel.kz
http://ratel.kz/raw/rassledovanie_zatjanulos_na_polgoda

