Алматы облысының Іле аудандық сотында трансгендер әйел, сотталған Виктория Берхолжаеваның арызы бойынша сот процесі басталды. Ол ҰҚК қызметкері Сани Әбдіқаш тарапынан өзіне зорлық-зомбылық және азаптау жасалғанын мәлімдейді. Викторияның айтуынша, бұл оқиға 2019 жылы, өзі Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесінде отырған кезде болған.
Қазір жәбірленуші Берхолжаева мен айыпталушы Әбдіқаш Алматы шетіндегі тергеу изоляторында отыр. Екеуі де Іле аудандық сотының отырысына кісенделген күйде конвоймен жеткізілді. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, Берхолжаева мен Әбдіқаш сотқа бір арнайы автокөлікпен әкелінген. Омарова мұны «жәбірленушіге ұйымдасқан қысым» ретінде қарастыруға болатын ережелерді өрескел бұзу деп есептейтінін айтты.
Сот жабық түрде өтіп жатыр, журналистер залға жіберілмеді. Отырыстан кейін Виктория Берхолжаева журналистерге судья Сейітов процеске қатысушылардан мәліметті жария етпеу жөнінде қолхат алғанын, бірақ өзінің қол қоюдан бас тартқанын айтып үлгерді. Берхолжаеваның сөзінше, сотталушы өзіне тағылған айыптарды әлі де жоққа шығарады. Ол сондай-ақ прокурор айыптау актісін оқығанын және келесі сот отырысы 28 ақпанда өтетінін айтты.
Сот басталар алдында адвокат Омарова Азаттыққа «Виктория Берхолжаева айыпталушы өзіне жасаған зорлық-зомбылық пен азаптау үшін заң бойынша жауап беруі керек деген ұстанымынан айнымайды» деді.
Бұл іс туралы алғаш рет 2019 жылғы шілдеде адвокат Айман Омарованың Алматы облысындағы Жауғашты кентіндегі әйелдер түрмесінде зорлық-зомбылық жасалғаны жөніндегі резонансты мәлімдемесінен кейін айтыла бастады. Алғашында іс «Бірнеше рет жасалған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабы бойынша қозғалып, кейін «Азаптау» бабы қосылған. Қазанда ҰҚК қызметкері қамауға алынды.
Берхолжаева тергеу барысында өзіне тікелей немесе басқа адамдар арқылы бітімге келуге келісуі үшін қысым көрсетілгенін айтады.
Виктория Берхолжаева — трансгендер әйел. 2016 жылы ол ірі көлемде бопсалау күдігімен ұсталған. Ол кезде Виктория құжаттарда ер адам ретінде тіркелген болатын. Дәрігерлермен кеңескеннен кейін ғана оны тергеу изоляторындағы әйелдер камерасына орналастырған.
Қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар елдің түрме жүйесіндегі жағдайды бірнеше рет сынаған. Өткен жылғы наурызда АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі адам құқықтарының ахуалы туралы баяндамада қазақстандық колониялардағы жағдайдың ауыр екені, сотталғандардың тиісті емес қарым-қатынасқа тап болатыны айтылған. Еуропарламенттің 2019 жылғы наурызда қабылданған қарарында Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарында «азаптау үшін жазасыз қалу қалыпты жағдай күйінде қалып отыр» деп көрсетілген.
Құқық қорғаушылар әйелдерге қарсы, оның ішінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың артуы мен қатая түсуіне де қатты алаңдайды. Олардың пікірінше, іс жүзінде құқықсыз қалатын сотталған әйелдерге қатысты жағдай ерекше қолайсыз. Өткен жылдың соңында Қазақстанда жыныстық зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар үшін жаза заң жүзінде күшейтілді.
ДЕРЕККӨЗ: https://rus.azattyq.org/a/30441177.html

