Жарияланымдар

Алматы облысының колонияларында сотталғандарға қатыгез қарау фактілері анықталды

2 мин чтения

Бас бостандығынан айыру орындарынан сотталғандарға қатыгез қарау туралы шағымдардың көбеюіне байланысты Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің тапсырмасымен азаптаудың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) өңірлік тобы Алматы облысының бірқатар түзеу мекемесіне мониторингтік сапар жасады.

Құрамына білікті мамандар мен медицина сарапшылары кірген ҰАТ тобы сотталғандарға қатыгез қарау фактілерін анықтап, құжаттаған. Олардың бірі алған жарақаттарынан қайтыс болуы мүмкін, деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының баспасөз қызметі.

Қамау орындарында лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану мәселелері ҰАТ үйлестіру кеңесінде бірнеше рет қаралып, уәкілетті мемлекеттік органдарға өтініштер мен ұсынымдар жолданған. Алайда бұл проблемалар жүйелі сипатта қалып отыр.

Аталған мәселелерге қоғамның назар аударуы құқық қорғау органдарына деген сенімнің маңызды көрсеткіші екені атап өтілді. Мемлекет басшысы да Атырауға жұмыс сапары барысында мұндай сенімнің жеткіліксіз екенін айтқан.

Пенитенциарлық жүйеде қатыгез қарым-қатынасқа төзбеушілік мәдениетінің және білікті кадрлардың тапшылығы жағдайында сотталғандарға жасалатын зорлық-зомбылық олардың қоғамға қайта бейімделуіне және қайталама қылмыстың өсуіне жол бермеуге бағытталған міндеттерді іс жүзінде жоққа шығарады. Бұған соңғы резонансты қылмыстар да дәлел ретінде келтірілген.

Бұл жағдайлар Қазақстан Президентінің құқық қорғау органдарын реформалау туралы тапсырмасын орындауға кедергі келтіреді және осы үдеріске қатысатын барлық мемлекеттік құрылымның назарын талап етеді.

Осыған байланысты Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі нақты фактілерді қоса тіркеп, оларды қадағалау тәртібімен қарау және жүйелі шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға жүгінді.

ДЕРЕККӨЗ:
http://24.kz/ru/news/social/item/261616-fakty-zhestokogo-obrashcheniya-s-osuzhdennymi-vyyavili-v-tyurmakh-almatinskoj-oblasti

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясының материалы