Алматыдағы Медеу аудандық ішкі істер басқармасының лауазымды тұлғалары азаптау, дәлелдемелерді бұрмалау, заңсыз ұстау және қамауға алу әрекеттері үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомствоның мәліметінше, Медеу аудандық ІІБ қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы, 414-бабының 3-бөлігі және 416-бабының 6-бөлігі («Азаптау, көрінеу заңсыз ұстауды және қамауға алуды ұйымдастыру, ауыр қылмыс жөніндегі істе дәлелдемелерді бұрмалау») бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. «2015 жылғы шілдеде полиция қызметкерлері құны 50 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымдардың ұрлығын ашу мақсатында М. есімді азаматтың пәтеріне қолдан жасалған айғақтарды әдейі қалдырғаны анықталды. Кейін зергерлік бұйымдарды ұрлау ісі бойынша М. ақталды. Ауыр қылмыс жөніндегі қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін аудан прокуратурасы аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бұрынғы басшысы мен қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғады», — деп атап өтті прокуратура. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының департаменті жүргізді. «Істің көлемі мен қылмыстың ауырлығына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған сәттен істі сотта қарау толық аяқталғанға дейін қадағалайтын процестік прокурорлар тағайындалды. Қылмыстық процеске заңсыз тартылған азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру жұмысы жалғасуда», — деп хабарлады прокуратура. ДЕРЕККӨЗ:
http://www.inform.kz/ru/sotrudnikov-uvd-medeuskogo-rayona-almaty-obvinyayut-v-pytkah_a3006319

