Белсенді Тимур Данебаевты азаптау туралы бейнежазба тарағаннан және осы оқиғаға байланысты қызметтік тексерулер жүргізілгеннен кейін колония қызметкерлері жұмыстан босатылып, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды Exclusive.kz.
– Бүгін Бауыржан Мусинмен бірге қазір көпшілікке белгілі Атбасар колониясында күні бойы болдық. Әлеуметтік желідегі бейнежазбада көрінген сотталғандармен де сөйлестік. <…> Бүгін мекеме бастығын қоса алғанда тоғыз қызметкерді жұмыстан шығару туралы бұйрық шықты, тағы екі қызметкер әзірге еңбекке жарамсыздық парағында жүр. Қызметкерлерге қатысты қылмыстық істер де қозғалды, – деп хабарлады құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook парақшасында.
Колония қызметкерлерін жұмыстан шығару туралы ақпарат Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сайтында да жарияланған, бірақ кейін белгісіз себеппен өшірілген.
Баспасөз хабарламасында қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тек колония қызметкерлерін ғана емес, облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы мен оның орынбасарын да атқаратын қызметінен шеттету ұсынылғаны айтылған. Ведомство сонымен қатар прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған. Алайда тергеудің қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны нақтыланбаған.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында колонияның бес қызметкері сотталған белсенді Тимур Данебаевты ұстап тұрған, ал алтыншысы оның белінен таяқпен ұрып жатқан бейнежазба тараған. Осыдан кейін ҚАЖ комитеті қызметтік тергеу бастады. Азаптауға ұшыраған Тимур Данебаев 2022 жылғы ақпанда Тоқаевты Қаңтар кезінде айтқан «20 мың террорист» туралы сөздеріне байланысты жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартуды талап еткенімен белгілі.
ДЕРЕККӨЗ:
Интернет-издание Exclusive.kz

